Ақан серінің Науан қазіретке айтқаны
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
Ақан бір жылы Арықбалық базарына барса, бір үйдің ішісырты толған халық, үйдің киізін жыртып, сығалап әуре боп жүргенін көріп:
—Бұл үйде не бар?—депті. Жұрт:
—Науан қазірет жұртты жинап алып, «мұсылмандарға базарға келу арам» деп шариғат айтып отыр, соған жиналып жатыр,—дейді. Ақан:
—Е, әлде қайда бір болған базарға келмей, шариғат деп жұрт өле ме?—дейді. Мұны қазірет естіп қалып Ақанды шақырып ұрсады. Сонда Ақан: «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген осы-ау!
—Жаман болса базарың,
Неге салдың назарың?
Білмейтін бе ең мал десе,
Періштенің азарын.
Мал алудың қамы ғой
Осы айтқан азаның,—
деп шығып кетіпті.