Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жартыбай батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 4 мин оқу

Сол кезде Жартыбаймен қатарлас Бөден батыр өтіпті. Бөден батыр Албанның ішіндегі қоңырбөрік руының Құртқамай деген атасынан. Екі батыр дос болыпты деседі. Жорыққа бірге шығып, жауға бірге аттанады екен.

Бірде екеуі қазақтың шетінен келіп, тиіскен қалмақтарға қарсы аттанып кеткенде, бұлардың жоқтығын пайдаланып, елін қырғыз барымталап кетеді. Малымен қоса Жартыбай батырдың төрт жастағы Саурық дейтін ұлын да ала кетіпті.

Жаугершіліктен қайтып келсе ауылы азып, мұң мен шер басып кетіпті. Бірақ баланы қырғыздың қайсысы әкеткенін білмей, дал болады. Бұл қайғыға шыдай алмай, Жартыбай батыр жатып қалыпты. Жартыбай батыр ақылды кісі болса керек, өзі тиіскен жауды аямаса да, елдің бірлігін, тыныштықты қалайды екен. Ары ойлап, бері ойлап, ашуын ақылға жеңгізеді. Бейбіт жатқан қырғызды шабуға қолы бармайды. Сөйтеді де қырғыз, қазаққа жар салады.

«Кімде-кім баламды тауып берсе, сол елмен құда болам, туыс болам, бой жетіп отырған екі қарындасым бар. Қалағанына құда түссін, құшағымды жайып, қарсы аламын»,—дейді.

Содан қырғыздың бір жігіті келіп: «Балаңды тауып берем»,—деп Жартыбайдың бір қарындасына үйленеді. Кейін Шапырашты елінен Алакүдік деген батыр келіп, уәде беріп, бір қарындасын ол да алады. Арада төрт жыл өткенде қырғыз-күйеу баланың табылғаны жөнінде хабар жіберіпті. Ол кезде Саурық сегіз жаста екен. Қырғыз-күйеу Жартыбай батырды қырғыздың бір байының ауылының сыртына алып келеді. Он екі қанат ақ үйден шеткерек бірнеше бала ойнап жүреді, біреуі ұл екен.

«Анау ұл бала сенің балаң»,—дейді қырғыз-күйеу. Бұл байдың ұлы жоқ, сегіз қызы бар. Сондықтан сенің балаңды асырап алыпты. Ал енді не істесең де өзің біл, мен кеттім, біліп қойса, бұлар мені құртады,—деп, күйеу баласы кетіп қалады. Жартыбай ойнап жүрген балаларға жақындап келіп «Саурық!» деп дауыстайды. Арада төрт жыл өтіп, қырғыздар басқа ат қойса да, бала өзінің азан айтып қойған атын ұмытпапты. Аты аталғанда, жалт қарап әкесіне қарай тұра жүгіреді. Жартыбай батыр аттан түсіп, баласына ұмтылады. Саурық жүгіріп келіп, әкесінің мойынына асылады. Әкесі баласын бауырына басып, бетінен сүйіп, ұзақ отырып жылайды. Содан соң баласын көтеріп, жаңағы үйге келеді, өзінің кім екенін айтады. Қайтсе де өз баласын алып кететінін сездіреді әңгіме үстінде.

Кім біледі батырдың қаһарынан сескенді ме, адамгершілігіне сүйсінді ме, ол жағы бізге белгісіз. Бірақ Саурықты әкесіне береді. Олар Саурыққа, Саурық оларға әбден бауыр басып алған екен, бір-бірімен қимай жылап, ажырасады.

Кейін қырғыз бен қазақтың осы екі ауылы жауласқанды қойып, құда-жекжат болып, ынтымақтасып кетіпті. Бір-біріне қыз беріп, бір-бірінен қыз алып, құдаласып кетіпті дейді.

Әңгіменің басында Жартыбай батыр мен Бөден батыр дос болған демеп пе едік. Бертін келе екеуі құда болыпты. Бөден өзінің қарындасын Жартыбайдың баласы Саурыққа береді. Ол қайтыс болғанда, Саурыққа кіші қызы Шитраны береді. Шитра шешейден бес ұл болған. Олар: Мұстафа, одан кейін Жақып, Жапарқұл, Мұратәлі, Ыбырайым.

Жартыбай анасынан шала туса керек. Жеті айлық шала туған баланы тұмаққа салып қоятын қазақтың ескі әдеті бар емес пе? Шала туған соң атын Жартыбай қойыпты да, тұмаққа салып, тоғыз ай толғанша керегеге іліп қойыпты. Бірақ сол шала туған Жартыбай бабамыз айы-күніне жеткен соң, дене бітімі жағынан да, ақыл-ойы жағынан да тең құрбысынан көп озып кетсе керек. Тоғыз-онға келгенде асау тайдың үстіне құлағынан бұрап, қарғып мінеді екен. Қанша мөңкісе де, жалынына жабысып үйретіп алатын көрінеді. Өзінің құрбыластары тұрмақ, үлкен жігіттерді де күресте допша домалатыпты.

Қартая келе ол кісі үлкен бай болған. Жартыбайға бес жүз құла жылқы біткен. Малының басы қасқыр алған құла айғыр дейді. Жартыбай батыр шала туса да, жүз жасқа келіп өлген. Өлерінде ол кісі ағайын-туғандарын шақырып алып: «Мен өлгенде ат қойып, дауыс салып келмеңдер, жай ғана келіп көңіл айтып, ниеттеріңді білдірсеңдер болады. Хабар бергенде алыстағы ағайынның бәріне осыны түсіндіріңдер. Өйткені менің өмірім айғай-шумен, аттанмен өтті. Сүйегіме жұрт аттандап келсе, молам опырылып түседі»,—деген екен. Бірақ қазақтың ежелгі салты емес пе? Кім тыңдасын. Жартыбай жүз жасап қайтыс болғанда, алыс-жақын ағайындары алыстан ат қойып, улап-шулап «атамдап» келсе керек. Сонда Жартыбайдың топырағы кеппеген моласының ақымы опырылып түсіп кетіпті.

Жартыбай дәуірінің бар кезінде көбіне жорықта жүрген. Бірде қалмақты қуып Қытайға барады. Сонда Қызай деген елдің бір қызына үйленеді. Жақсы кісі болса керек, аты Жібек екен. Сол Жібек апа үш ұл туған. Үлкені—Жақай, ортаншысы— Бақай, ең кішісі—Тоқсанбай еді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз