Жанақ пен Рүстем (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Сөйтіп тұрғанда, бағанағы ертіп келген жігіт төрге қарай иек қаққан соң, қобызын ақырын ғана босағаға сүйеп қойып, жаңа аяқтанған бұзаудай тәлтіректеп төрге барып отырды. Әрі-беріден соң төре Жанаққа қарамастан:
—Қай жердікісің?—деді. Жанақ қибыжықтап қозғалып:
—Алдияр, Ален бойынікі боламыз, алыстан сіздің атағыңызды естіп, сәлем беріп қайтайын деп шығып едім,—дейді. Төре оған дәнеңе деген жоқ. Үндемей тағы біраз отырғаннан кейін:
—Сені ақын дейді ғой, өлең айтшы?—дейді. Жанақ босағадағы қобызға қарап, не барып аларын білмей, не әпер деп айта алмай қипақтайды. Сонымен әлі отыр, әлі отыр. Бір мезгілде төре:
—Енді қашан айтады?—дейді. Бір жігіт түрегеліп (Жанақтың қимылын байқап отырса керек):
—Алдияр, ақынның жолдасы босағада қалды, соған қарайлап отыр-ау деймін,—деген соң, төре:
—Е, ол ағашта не тұр екен? Әпер ендеше,—дейді. Жігіт тұрып қобызды алып береді. Жанақ қобызды қолына алып, құлағын олай бұрады, бұлай бұрады, келтіре алмайды. Айтпай қоюға жол жоқ. Ақырында буыны қалтырап, жүрегі дірілдеп өлеңді бастайды. Айтқан өлеңі—белгілі баяғы ақындардың өлеңі. Төренің затын мақтайды, өткен-кеткенін қозғайды. Өзінің кім екенін әм келген жәйін баяндайды. Әйткенмен Жанақта бұрынғы екпін, баяғы айғай жоқ. Не айтып не қойғанын да білмейді. Тек даңғыл көкірекпен соғып отыр. Бір мезгілде төре отырып:
—Жә, болар енді. Құлағым ауырды,—дейді. Жанақ төбеге ұрғандай тоқтады.
Біраз отырғаннан кейін төре: «Мына қонаққа мал әкеліңдер»,—деді. Бір-екі жігіт тұра жөнеліп, әлден уақытта мойнына шылбыр салған бір кісіні есіктен біреуі итеріп, біреуі жетектеп кіргізіп келе жатыр. Қараса, сақалы беліне түскен, жылаудан көзі қып-қызыл боп кеткен, бурыл басты еңгезердей бір сарт.
Жігіттің біреуі Жанаққа қарап, «Иләһи әмин!» деп қолын жайып, жүресінен отыра қалды. Онсызда сартты көріп, жаны мұрнының ұшына келіп отырған Жанақ қолын жайып дүрсе қоя берген соң зәре-құты онан жаман қалмады. Не айтарын білмей қалтырап біраз отырғаннан кейін, әйтеуір, төре тұқымы мен сарттың өш екенін есіне түсіреді. Сондықтан Құдай аузына салып: «Төренің мерейін үстем, сарттікін төмен қыл, аллауәкбар!» деп бата қылды.
Есікті қайырып ашып қойды. Сартты сүйретіп далаға шығарып алып соғып, қол-аяғын байлап, есік алдындағы жер ошаққа қорқыратып бауыздап жатыр. Бауыздап болғаннан кейін есік жабылды. «Мені де сондай қылады ғой» деп ойлаған Жанақта үрей жоқ. Әйткенмен әзір оған көңіл аударған адам да жоқ.
Бір мезгілде төрт табақ ет әкелді. Бір табағын төренің алдына, бір табағын Жанақ пен жолдасының алдына, екі табақты екі жақтағы жігіттердің алдына тартты. Төренің етін бір жігіт жүгініп отырып турап берді. Өзге жігіттер жапырласып жеп жатыр. Қонақтар сорлы қорқумен, қысылумен не жеп, не қойғанын да білмейді. Ет жеген жоқ, дерт жеді.