Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жартыбай батыр (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Баяғыда алты алашқа белгілі Албан елінің жартысы арғы бетте отырады екен. Арғы бет деген Алатаудың Іле өзеніне дейінгі кең жазық, үлкен аңғары болса керек. Атап айтқанда, қазір сол жерлерде Шошанай, Сарыбұлақ, Сүмбе, Ақсу, Пияздық, Кетпен, Қалжат деп аталатын ауылдар бар. Мұның бәрі кейін қойылған ат емес, әрине. Қазақ пен қалмақтың талай жылғы қырғын соғысынан қалған ескерткіш сияқты. Өйткені Қалжат, Сүмбе дегендеріңіз—сол қалмақтың сөзі емес пе?

Қазақтың жауы көп болған ғой. Бір жағынан қалмақтар қырып кетсе, екінші жағынан қырғыздар келіп шауып кетеді. Шапқан жау малын ғана әкетуші ме еді, онымен қоса үйін өртеп, әйелін қинап, қыздарын да олжалап кетеді екен.

Сол заманда қырғыздан шыққан Тоқтарбай батыр, Теке батыр дегендер жылда шауып, қазаққа тыныштық бермей қойыпты. Албанның Айт деген руынан шыққан Мұсылманбай деген батыр болыпты сол тұста. Әбден басынып, титығына жеткен қырғыздарға осы кісі қайрат жасамақ болып, қол жинайды. Өйткені қырғыздардың басынғаны сонша—жылда келіп шауып, малын олжалап, қыздарын бөктеріп: «Келесі жылы осы уақытта тағы келеміз, оған дейін малдарыңды көбейтіп, қыздарыңды өсіріп қойыңдар»,—деп намысқа тиеді. Осындай қорлыққа шыдамаған Мұсылманбай батыр бүкіл Албан елінен қол жинамай ма.

Сол кезде Жартыбай қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген бала екен. Мұсылманбай батырға ол да келіп:

—Қолыңызға мені де қосыңыз, жауға мен де бірге шабайын,—деп өтініш айтады.

—Балам-ау, сен әлі жассың ғой, босқа мерт боларсың, сенің жауға қайрат қылар кезің әлі алда. Әзірге қабырғаң қатсын, бұғанаң бекісін,—депті оған Мұсылманбай батыр.

Бұған Жартыбай көнбейді. Бала да болса қайратының үлкендерден кем емес екенін айтады. Содан соң Мұсылманбай батыр жинаған қолына келіп:

—Мына Жартыбай бізбен бірге жауға шаппақ, қой десем қоймай тұр, ертеміз бе баланы, ертпейміз бе?—депті көпке қарап. Сол кезде Жартыбай он үш-он төрттегі бала екен. Бірақ дене бітімі ірі, батыр тұлғалы кесек жігіт қазан аттың үстінде қасқайып отырады. Бұл кезде сол қырғыздың Тоқтарбай мен Теке батырларының қазақты қайта шабуға келетін кезінің таяп қалған шағы екен. Мұсылманбай батыр қол Шилі өзек деген жерге әкеліп, мықтап бекіндіреді. Олар осы жерде қырғыздардың қолын тосады. Тау асып келген қырғыздар да осы жерге келіп бір тынығып, ертеңіне қазақ ауылына тұтқиылдан тиісер еді. Осы әдетті білетін Мұсылманбай батыр әскери әдіске көшеді.

Қырғыздар Шилі өзекке жақын келіп, сайдың аузына тоқтайды. Сол жерде аттарының белін босатып, ауыздығын алып, отқа жібереді. Өздері қойларын сойып, тамақтарын ішіп, шабуыл алдында көз шырындарын алады. Бірнеше адамын жотажотаға күзетке қояды. Мұсылманбай батырдың жігіттері осының бәрін аңдып жатады. Жаудың аттары жайылып, жігіттері ұйқыға кеткен кезде, бұлар аңдып келіп, күзетшілерді бас салады да, ауыздарына шүберек тығып байлап тастайды. Содан соң беймарал ұйқыда жатқан жауға лап қояды. Аттандап келген албанның жігіттері тұс-тұстан қылыш сермеп, жайды жайпайды. Осы айқаста қырғыздың Тоқтарбай батыры қолға түседі. Ал Теке батыр аз ғана қолмен Тоқтарбайдың атына мініп қашыпты деседі.

Албанның жігіттері қырғыздың қолын өлтіргенін өлтіріп, тірі қалғанын байлап алады. Сонда Тоқтарбай батыр:

—Мені өлтірмеңдер, Мұсылманбай батырмен сөйлестіріңдер,—деп жалбарыныпты дейді. Ол кезде Мұсылманбай батыр бір топ адамдармен, ішінде Жартыбай да бар көрінеді, Теке батырдың қолын қуып кетсе керек. Бірақ жігіттер: «Бұл қырғыз қулық жасап отырған шығар, батырымызға зияны тиер»,— деп Тоқтарбайды өлтіріп тастайды.

Қазақтың қолы қашқан қырғыздарды Кеген өзенінің бойындағы Саз деген жерде қуып жетеді. Осы соғыста уыздай бала Жартыбай Теке батырмен айқасады. Бала да болса аты шулы әйгілі Теке батырды Жартыбай найзалап өлтіреді. Сазда болған қанды айқаста қырғыздар оңбай жеңіледі. Өлгені өліп, тірісі тағы қолға түсті. Осы соғыста бала батыр Жартыбай елден ерекше ерлік көрсетеді. Сол үшін Мұсылманбай батыр оның бетінен сүйіп, бауырына басып, бүкіл елдің алдында Жартыбайды батыр деп жариялайды. Содан бастап Жартыбай атамыз батыр атанса керек. Қырғыз бен қалмақ ол кезде Жартыбайдың атынан сескенеді екен. Бір жерде қазаққа қалмақ тиіпті десе, Жартыбай батыр қолын ертіп елге тиген қалмақты шетінен қуып тастайтын болған.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз