Жанақ пен Рүстем (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Жанақ ақын ел аралап, өлең айтып жүргенде, «Балқаштың арғы бетінде Рүстем деген төре бар, өзі салтанатты, жомарт» деп естіген соң жанына бір жолдас алып, Рүстемнің еліне барады. Сұрастырып отырып, төренің ауылына келсе, маңайында мал дегеннен тышқақ лақ жоқ, жанында қара лашығы бар бір үлкен ақбоз үй тұр.
Ақын ойланып: «Апырым-ау, бұл қалай? Елдегілер бірдеме жетпей айтпаса игі еді»,—деп жан-жағына қарайды. Дауыс жететін жерде тағы бір ақбоз үй көрінеді. «Көшуге әзірленіп жатқан үй екен ғой»,—деп ойлады Жанақ ақын. Бірақ көшіп жатыр деуге келмейді, маңайдағы көгалдың қыры да сынбаған. Енді келіп жаңадан қонып жатыр дейін десе, оған да ұйғара алмайды. Не келіп жатқан жүк жоқ, не қылса да сұрап білмесе болмас деп дауыстайды. Бір жігіт шығып сәлем беріп, жөн сұрайды.
Жанақ тұрып:
—Арқа бойындағы Орта жүздің ішінде Жанақ дейтін ақынмын, Іле бойында Рүстем деген төре бар деп естіген соң, көрейін деп іздеп шығып едім, үйін білемісің?—деді. Жігіт:
—Төренің үйі осы болады... Жанақ:
—Тегі бұл құдыққа жаңадан қонып жатқандарыңыз ғой?
—Қонғалы көп болған.
—Әлде көшіп жатырсыздар ма?
—Әзір көшетін ойымыз жоқ. Жанақ көзі бақырайып:
—Апыр-ау, төренің ауылы мен малы жоқ болушы ма еді?— деп сұрайды.
—Бар. Бірақ олар басқа жерде отырады. Мұнда нөкерлерімен өзі ғана тұрады.
—Төренің өзі үйде ме?
—Үйде жоқ, кешке таман келеді,—деді. Сонан кейін Жанақ:
—Ендеше түсейік,—деп ыңғайлана бастайды.
Жігіт: «Анау қонақ үйге түсіңіздер»,—деп бағанағы оңаша тұрған боз үйді көрсетеді. Бұлар барып аттарын матастырып, қонақ үйге кіріп отырады. Әлі отыр, бері отыр... не бұлардың жанына келген кісі жоқ, не ішкен тамақ жоқ. Сонымен кеш те жетті.
Қонақтар іштері пысып далаға шықса, күнбатыс жақтан мінгендері ыңғай жирен, қылыш-найзалары жарқырап, бір топ кісі саусылдап келе жатыр. Санап тұрса, он бестен қақ жарылған отыз жігіт. Орталарында жирен жорғалы, толықтау, сақалды біреу бар. Тура барып бағанағы үлкен үйдің сыртына сау етіп түсе-түсе қалысып, аттарын екі жерге үйістіріп тастап, үйге кіріп жатыр.
Олар кіріп болғаннан кейін қонақтар да өз үйлеріне кіріп отырады. Әрі-беріден соң бір жігіт есіктен сәлем келді де: «Сіздерді төре шақырады, қобызыңызды ала жүріңіз»,—дейді. Бұлар жігітке еріп төренің үйіне келді. Есіктен: «Ассалаумағалайкум, алдияр!»—деп кіргеннен жан-жаққа қараса, керегенің басында саусылдап ілулі тұрған қылыш, найза, үйдің екі жағында жүгініп отырған жігіттер. Төрге таман аяғын көсіле салып, түсі суық біреу (Рүстем төре) отыр. Берген сәлемді құрмет алған кісі болмады. Тек жігіттердің кейбіреулері ғана игені болмаса, төренің өзі түзу де қараған жоқ.
Сол секілді салтанат пен айбарды көргеннен кейін Жанақтың бір жағынан есі шығып, бір жағынан қорқу түсіп, не төрге шығарын білмей, қалтылдап тұрды да қалды.