Ысқақ баб
Әпсаналар · 1 мин оқу
Қазақ даласына ислам дінін тарату жолында Ысқақ баб бастаған араб жасақтары көшпенді елдің көпшілігінен қарсылықтар да көрді. Сол уақытта Қаратау өңірінде Ғұмар баба дейтін жергілікті халықтың көсемі болыпты. Ол бір күні Ысқақ бабқа келіп: «Еліме келіп қана қоймай, халқыма тізелерің де батты. Бірақ сен сонша жерден келгенде бостан-бос келген жоқ шығарсың? Одан да дініңнің қандай қасиеті, кереметі бар бізге көрсетші, соны байқайық», - деген екен. Сонда Ысқақ баб құбылаға қарап тұрып, аллаға жалбарынып дұға оқыды дейді. Әлден уақытта күн бұлттанып, аспан алай-дүлей боп найзағай ойнап, жаңбыр жауып, алланың кереметімен аспаннан бір «ақ қошқар түсті» дейді. Мұны көрген Ғұмар баба мен қарамағындағы қауым елі таң-тамаша қалып, бәрі түгелдей мұсылман дініне кіріпті. Ғұмар баба өзінің Ықылас (Баба Түкті Шашты Әзіз) атты баласын Ысқақ бабқа көмекші етіп берген екен.