Укаша
Әпсаналар · 3 мин оқу
Укаша деген кісі сахаба екен. Жаулары әбден аңдиды. Өзі де үлкен, алғыр батыр болыпты. Бетпе-бет келуге қаймыққан кәпірлер оқ атса өтпейтінін біледі. Өлтірудің амалын іздейді, таппайды. Ақырында бір жансыз көп дүние ұсынып, тоқалынан сыр тартады. Алтын, күмісті көрген тоқалы сахабаны сатып кетеді. Жауға оның киелі кісі екенін, тек таңғы намаз кезінде ғана денесі балқып, оқ даритын сырын жайып салады. Тоқалының айтқан сырын білген жансыздар таңсәріде келіп сахабаны намаз үстінде басын қылышпен шабады. Сахаба еңкейе бергені сол етпеттеген күйі құлайды. Қылыш қиып түскен бас құбылаға қарай домалай жөнеледі… Шошып оянған сахабаның баласы, оны көрген анасы далаға жүгіріп шығады. Баласының көз алды тұманданып, құбылаға қарап домалап бара жатқан әкесінің басын көреді. Еңірей жылаған бала да, есі шыққан анасы да зарлай дауыс көтеріп соңынан жүгіреді. Сахабаның шөгіп жатқан түйесі де қазықты айнала жұлқынып боздайды. Домалай қашқан әкесінің басына жете алмасын білген бала боздаған түйенің қасына келіп тұрады, соңынан анасы да келіп құшақтай зарлайды. Үшеуінің үнінен бүкіл Қаратау жаңғырады. Анасының құшағынан бұлқынып шыққан бала “Ата, ата, ата!”, - деп дауыстайды. Сол кезде қыр басына жетіп қалған әкесінің басы тоқтай қалыпты деседі… Баласының үш қайтара жаңғырыққан даусы шыққанда Укаша әулиенің басы бұрыла қарағандай болып бір сәт тұрып қалады да, артынша қайта қозғалып өзінен-өзі жоқ болып кетіпті. Әйелі мен баласы жүгіре келіп қараса, құдықтың түбіндегі таста әкесінің басының ізі қалыпты. Ал сахабаның басы құдыққа түсіп кеткен бойы Меккеден бір-ақ шыққан деседі.
Халық арасындағы әңгімелер мен тарихи Арыстанбаб.
деректерге жүгінсек, Арыстанбаб Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы деген тұжырым бар. Соның бір айғағындай, Арыстанбабтың есімі Қожа Ахметтің «Хикмет» атты өлеңдер жинағында бірнеше рет аталады.
Ал бұл туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер былай өрбиді: Мұхаммед дүниеден өтерде өзінің дінін ұстаушы, исламға адал берілген мүридтерін жинап: «Мен көз жұмғасын, бірнеше жүз жылдан кейін менің ілімімді жалғастырушы бір әулие дүниеге келеді. Соған менің аманатымды кім сақтап, еш қиянат жасамай, жеткізіп береді?» - деп сұраған екен. Сонда топ ішінде тұрған Арыстанбаб: «Уа, аса қадірлі пайғамбарым, егер маған сенсеңіз, аманатыңызды мен жеткізіп берейін!» - депті басын ие тағзым етіп.
Сол кезде Мұхаммед Арыстанбабқа бір түйір құрма жемісін беріпті. Осы құрманы Арыстанбаб бес жүз жыл тілінің астына салып, бойтұмардай сақтаған екен.
Бұл екі арада Арыстанбаб әбден қартаяды. Бірақ аманатты сұрап ешкім келмейді. Содан Арыстанбаб, бәлкім, кездесіп қалармын деген үмітпен ел аралап шығады.
Талай-талай елдерді кезіп, жер-жаһанды шарлайды. Содан Отырар өлкесіне жеткенде Арыстанбабтың жанына бір бала жақындап келіп: «Ата, менің аманатымды бермейсіз бе?» - дейді.
Сол жерде Арыстанбаб: «Қарағым, іздегенім сен едің, міне аманатың», - деп тілінің астындағы құрманы алып беріпті. Ал ол бала Қожа Ахмет екен.
Пайғамбардың аманатын тапсырған Арыстанбаб сол жерде қаза болып сонда жерленіпті.
Мінеки, осындай қасиетті де қастерлі тілекке сыйынған жұрт алдымен Отырар жеріндегі Арыстанбабтың қабіріне тағзым етпей, Түркістандағы Қожа Ахметтің кесенесіне ат басын бұрмаған. Осы дәстүр күні бүгінге дейін сақталып келеді. «Арыстанбабқа түне, Әзірет Сұлтаннан (Қожа Ахмет) тіле» деген сөз де осыдан қалса керек.