Оқшы ата туралы аңыз
Әпсаналар · 2 мин оқу
Оқшының шын аты Көгентүп екен, ол жас кезінде жетім қалады. Күнкөріс үшін ел аралап жүріп, жалғыз қызы бар бір кемпір мен шалға тап болады. Олар мұны өздеріне бала етіп асырап алады. Көгентүп кемпірді ана, шалды әке, қызды қарындас санайды. Ержеткенде олардың асыраушысы өзі болады. Егін егіп, диханшылықты кәсіп етеді.
Жас жігіт еңбекшіл ғана емес, құдай бойына қасиет берген дарынды азамат болып өседі. Оның кірпігінің қалыңдығы сондай, көзін жауып тұрады екен. Кірпігін қолмен көтеріп қарағанда бір күншілік жердегіні көретін қасиеті болады. Мал жоғалтқан адамдар жоғының дерегін білу үшін Көгентүпке келеді екен. Ол кірпігін көтеріп қалып: «Малыңыз пәлен жерде жайылып жүр», - деп жөн сілтейді. Барса, расында да солай болып шығады. Көгентүптің аты елге алдымен біртіндеп осылай тарайды.
Сол бір заманда елді қалмақ жаулап алады да, оның ханы елге өз тәртібін орнатады. Жебір билеуші жұртқа мынадай шарт қояды.
– Мені күнде бір үй асырап, қалыңдыққа қызын беретін болсын!
Хан жарлығы екі болмай орындала бастайды. Тәлкекке түскен ел күңіреніп, күйзеліске ұшырайды. Қарсы шығар амал таппай дағдарады. Осындай күндердің бірінде ханды күтіп, қыз беру кезегі Көгентүп ата-анасына да жақындайды.
Көгентүп күншілік жерде егін басында арпа орып жатыр екен. Арпа оруға жүрерде ата-анасына айтады:
– Алда-жалда бір жаманшылық төнсе, атым бір хабар білдірер, бұл озбыр ханның азабынан әлі-ақ құтылармыз, - деп атын қалдырып кетеді.
Кезек кемпір-шалдың үйіне, оның жалғыз қызына да келеді. Екі қария зар илеп жылағанда, кермеде байлаулы тұрған ат та тыпыршып, кісінеп қоя береді. Кісінеген атының даусы күншілік жерден арпа орып жатқан Көгентүптің құлағына жетеді. Озбыр ханға қатуланған Көгентүп Аллаға сиынып, бір арпаның қылтығын алақанына салып, дұшпанға бағыттап үрлеп жібереді. Хан қаза табады. «Жауызды өлтіріп, халықты азаптан құтқарған кім болды екен?» деген түрлі әңгіме елге тарайды. Бірінің қылышы, бірінің қанжары, енді бірінің пышағы қанды талай жігіттер: «Ханды өлтірген мен» деп шығады. Сол кезде Көгентүптің ата-анасы:
– Біздің баламыздан да сұраңдаршы, сол білер кім өлтіргенін,
-дейді.
Жиналған жұрт күншілік жердегі Көгентүпке адам жібертіп алдыртады. Келген соң, «Ханды мен өлтірдім» деп таласқан талай азаматты көріп Көгентүп сұрайды: «Хан неден өліпті?», «Жүрегінен жаралы болып өліпті», - дейді халық.
– Онда жүрегін жарып көріңдер, егер арпаның қылтығы жүрегіне қадалып тұрса, менің атқан оғым дейді, - Көгентүп. Расында осылай болып шығады.
Шын есімі Көгентүп жігіт содан былай Оқшы атанады.