Мен тірі кезімде мына арамен жүретінмін (ІV түрі)
1 мин оқу
Бір күні Қожа ағаштың басына шығып, өзі отырған бұтақты кесе бастайды. Мұны өтіп бара жатқан біреу көріп:
—Ей, саған не болған? Құлайсың ғой,—деп айғайласа керек. Бірақ оның сөзін Қожекең құлағына да аспайды. Сол-ақ екен, бұтақ опырылып кетіп, Қожа жерге қалпақтай ұшып түседі. О жер, бұ жерінің ауырғанына қарамастан, Қожа ұшып тұрып, әлгі кісіні қуып жетеді:
—Бері қара, менің байқауымша, сен болашақты болжайтын әулие адам екенсің, менің құлайтынымды білгендіктен, қашан өлетінімді де білесің. Айт, мен қашан өлемін?—деп ол кісінің жағасына жармасып жібермейді.
Сонда әлгі кісі Қожадан құтылғысы келіп:
—Отын артқан есегің өрге шығып келе жатқанда, бір рет жел шығарса, жарты жаныңнан айрыласың, ал екінші мәртебе жел шығарса, жаныңмен біржола қош айтысасың, өлесің,—деп өз жөніне жүре береді.
Айтқандай-ақ есегі өрге шығып келе жатып, жел шығарғанда, Қожа ажалының тақап қалғанын сезінгендей болады, ал екінші қайтара дыбыс естілгенде, буын-буыны қалтырап, ықылық атып:
—Өлдім,—деп құлай кетеді.
Құп-қу болып, сұлап жатқан Қожаны көріп, жұрт жиналып қалады. Дереу табыт жасап жіберіп, Қожаны салып ап, қалаға алып жүреді. Олар бір сазды-батпақты жерге тап болып, қалай қарап жүрерін білмей, дағдарып тоқтап қалады.
Сонда Қожа табыттан басын көтеріп:
—Мен тірі кезімде мына арамен жүретінмін, ендігісін өздерің біліңдер,—депті.