Қожанасырдың құрбан шалуы
1 мин оқу
Қожанасыр құрбан шалуға жалғыз сиырын соймақшы болып, аяғы байланған малдың үстіне әйелі мен баласын аттай отырғызып қойыпты да, өзі асыға-үсіге бауыздап жіберіпті де, шап беріп үстіне отыра кетіпті. Шала бауыздалған сиыр бұлқынып қалғанында әйел баласымен бірге жерге ұшып түсіпті. Жығылған орнынан атып тұрып: «Қыл көпірден о дүниеде алып өткің келмейді ғой, қасақы неме. Боқты алып өтпессің»,—деп жүгіріп барып анадай жерде жатқан арқанды ала сала әйелі мен баласын шала жансар тыпырлап жатқан сиырдың үстіне етпетінен жатқызып қойып, арқандап таңып тастапты. Ал өзі жалма-жан мойнына аттай отырып алыпты да, екі мүйізінен бар күшімен ұстап: «Айламды асырдым ғой, енді қыл көпірге қалай туласаң да, құламаспыз»,—деп масаттанған екен.