Есекті тәрбиелеу
1 мин оқу
Әпенді шай ішіп отырғанда, есегі базарды кезіп кетеді. Көкөніс сатып жатқан қатарға барып, сәбіз, қияр салған кәрзеңкелерді тып-типыл етеді. Есек қашып бара жатып, құмырашының үйіп қойған қыш ыдыстарын да қиратып кетеді.
Базардағы бар сатушы шайханаға келіп:
—Ей, Әпенді, мынау сенің есегің бе?—дейді.
—Иә.
—Онда шығынды төле!
—Неге төлеймін! Сәбізді мен жедім бе, құмыраларды мен қираттым ба?
—Жоқ, бірақ сенің есегің ғой.
—Аһа,—дейді Әпенді,—мұның бәрін мен емес, есек істеді ғой.
Бірақ ашуланған саудагерлер басылатын емес. Мұны сезген Әпенді:
—Барлық есекті осында алып келіңдер!—дейді.
Базардағы бар есекті айдап келгенде, Әпенді төмен түсіп, есегіне жақындап:
—Сен не деген оңбағансың, есектің баласы, мен сені осылай тәрбиеледім бе? Ұятсыз! Мә, сазайыңды берейін! Ал сендер, кұрметті есектер, сендерге де сабақ болсын!—дейді айқайлап.
Есегін біраз таяқтап алады да:
—Міне, сазайын тартты, есек басқа есектердің көзінше жазасын алды. Әділдік жеңді!—деп Әпенді бұл істі тыңдырып, шайын ішуге шайханаға беттеген екен.