Алуаның бағасы
1 мин оқу
Қожанасыр бір баланы ертіп тәтті сататын дүкенге келеді. Алуаны алып балаға беріпті де, үйге апара бер,—дейді де, өзі дүкендегі басқа тауарларды қарай бастайды. Бала дүкеннен әбден ұзаған кезде барып Қожанасыр сатушыдан:
—Біреу сенен алуа алып, бірақ оның қалтасында ақша болмай қалса, не істер едің?—дейді.
—Жағынан шапалақпен тартып жіберер едім,—дейді сатушы, сосын қуып шығар едім.
—Онда мені аямай шапалақпен тартып жібер,—депті Қожанасыр.
Дүкенші шапалақпен тартып жіберіпті де, қуып шығуға бет алғанда, Қожекең:
—Егер сен алуаны осы бағамен беретін болсаң, онда мен алуадан тағы да алайыншы!—деген екен.