Қожанасыр неге бір ғана шәркей сатып алады
1 мин оқу
Бір күні Қожанасыр аяғындағы шәркейлеріне қараса, он аяғындағы шәркейі мүлде жыртылып қалыпты. Етікшіге барып:
—Сенде дайын шәркей бар ма?—деп сұрайды.
—Бар,—дейді етікші.
—Оң аяққа келетін шәркейді сатшы.
—Бір шәркейді сатқанды қайдан көрдің?
—Екеуінің маған керегі не, бір шәркейім бүтін ғой,—дейді Қожа.
—Ал екіншісін не істеймін сонда? Лақтырып тастайын ба?
—Неге лақтырасың? Екі ай өтпей-ақ екіншісін алып кетеді.
Етікші күліп, қуақы Қожанасырға бір шәркейді сатады, ал екінші шәркейді біреудің алар-алмасына онша сенбейді. Екі ай өткен соң, Қожанасыр келіп есік қағады.
—А, бұл сен бе едің?—деп етікші қуанып кетеді.—Екінші шәркейді жайын білгелі келдің бе? Ол шәркейді сата алмадым, аларман жоқ.
—Аларман сенің алдыңда тұр. Менің сол аяғымның шәркейі жыртылды, сенен жаңасын алғалы келдім,—дейді Қожанасыр.
—Ау сен неге екеуін бірдей алмадың?
Қожанасыр:
—Екеуін бірдей алсаң, екеуі де бірдей ескіреді. Ал мен сияқты алса, онда біреуі әрқашан жаңа болып тұрады. Және екі шәркейге бірдей ақшаны аяқ астынан қайдан табамын,—деген екен.