Тоныкөк
Ежелгі түркі дәуірі · 1 мин оқу
Тоныкөк (Тонйұқық, шамамен 646–741) — Екінші Шығыс Түрік қағанатын құруға қатысқан мемлекет қайраткері, қолбасшы және кеңесші. Ол үш қағанның тұсында уәзір болып, жаңа мемлекеттің нығаюына ықпал етті. Деректерде оның оғыз тайпасынан шыққаны айтылады. Өзі қалдырған тас жазуда жастық шағы табғаштар, яғни қытайлар елінде өткенін, ол кезде түріктер Қытайға тәуелді болғанын жазады. Сол заманда империя сарайында көбіне көшпелі билеушілердің аманатқа берілген ұлдары тәрбиеленетін. Сондықтан зерттеушілер Тоныкөкті ақсүйек әулеттің ұрпағы деп санайды.
683 жылы Тоныкөк Құтылықпен бірге табғаштарға қарсы көтеріліске шықты. Көтеріліс жеңіспен аяқталып, Екінші Шығыс Түрік қағанаты құрылды, ал Құтылық «Ел төресі» (Елтеріс) деген атпен қаған болып жарияланды. Қытай билігі жас мемлекетке қарсы көрші тоғыз оғыздарды айдап салғанда, Тоныкөк Тоғыла жазығында олардың әскерін талқандады. Ол тұтқындарды босатып, оғыздарды ортақ жауға қарсы бірігуге шақырды. Нәтижесінде оғыз тайпалары түрік туының астына өз еркімен қосылды.
Құтылық қайтыс болған соң таққа оның інісі Қапаған отырды. Тоныкөк бұл қағанға да кеңесші болып, бөлініп кетуге бет алған тайпаларды тоқтатуға күш салды. Алайда беделін қызғанған Қапаған оны биліктен біртіндеп шеттетті. Қапаған өлтірілгеннен кейін Күлтегін ағасы Білгені таққа отырғызды. Қытай жылнамасына қарағанда, Білге қаған 716 жылы жасы жетпіске келген Тоныкөкті ордаға қайта шақырып, оның кеңесіне сүйенді. Тоныкөктің қызы Бопы (Пофу) Білге қағанның жұбайы болған.
Тоныкөктің басты мұрасы — көне түрік жазуымен қашалған ескерткіш тас. Онда ол елдің азаттыққа жету жолын, жорықтарды және өз қызметін баяндайды. Бұл жазба Орхон-Енисей ескерткіштерінің ішіндегі маңызды тарихи дерек болып саналады. Оның қай жылы өлгені нақты белгісіз. Білге қаған 734 жылы уланып қайтыс болғаннан кейін Тоныкөк туралы мәлімет кездеспейді. Сондықтан зерттеушілер ол шамамен 741 жылы, тоқсан бес жас шамасында дүниеден өткен деп болжайды.