Жамбыл мен Құлмамбет (2-бөлім)
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 165 жол
Ерлігім ерлігіңе дөп келеді,
Байлығыңа байлығым еп келеді.
Кісіні дым білмейтін тапқандай-ақ,
Есіріп көрген жерден ентеледің.
А, Құлмамбет, Құлмамбет,
Ағып жатқан сумен кет,
Сумен кетсең ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді.
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады.
Қараңғы тұман түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқарлы таумен кет!
Тауды да халық мекендер,
Кесірің жұғар, Құлмамбет,
Қу пəлекет, əрмен кет!
Таз Құлмамбет сен болсаң,
Мен де алдыңа тартайын
Мақтан қылар жайымды,
Арқаларсың уайымды,
Ел байлығын қаптатсам,
Болатын əлі-ақ тойың бар.
Жылқысының бір шеті
Алматының өзенінде,
Бір шеті Қарақыстақ,
Кəстектің кемерінде,
Несі болмас Құданың берерінде.
Бұған қайтып жетерсің,
Жалған сөйлеп не керек,
Айтайын сөздің төтесін.
Жылқысының шетінен
Жарамды атпен сабаулап,
Он күнде əрең өтесің.
Құлмамбет:
Осыны түлен түтті ғой, Құдай Тағала,
Жапанда жалғыз қурай болмас пана!
Беглік пенен байлықтан сөз қозғасам,
Көткеншектеп қашарсың, байғұс бала.
Қалайша болып отырсың ырғай мойын,
Аз кідірсең болады сенің тойың.
Жалпы Дулат бұл жақта жата тұрсын,
Бабаның мен қаптатсам қалың қойын.
Тұра тұр, тағы айтайын көптігімді,
Көптіктен айтсам, үземін шеттігіңді.
Шапырашты күйіңмен байлық айтып,
Өрлікпенен көрсетпе өттігіңді!
Жамбыл:
Мен барайын төменгі
Асыл менен Шыбылға.
Мықты болсаң, Құлмамбет,
Күрескеннен жығылма!
Бұ жақтағы Дулатты
Тастай бере асығып,
Бабаға барып тығылма!..
Бабаң қойын бу қылып,
Аруаққа ұрынба!
Ешнəрсе, қанша айтқанмен, ете алмайсың,
Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың.
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап əуре болмай жөніңе қайт!
Құлмамбет:
О, жазған, Албан бай ма, Дулат бай ма,
Бабаны айттым, тұрсын деп Дулат жайға,
Сенің елің адамы байғұс екен,
Қазыналы ойлаған Дулаттай ма?
Жеті мың қой қорада шулап жатыр,
Бес мың құлын желіде тулап жатыр.
Он түйеге көшкенде жамбы артады,
Абекемнің тіккені жібек шатыр.
Бұл жерден сені жеңбей кетемін бе,
Ақшаға толтырармын етегіңді.
Албан жағы тоқтасын мұныменен,
Қасқараудан салайын Өтегенді.
Баласы Өтегеннің Нұрақан бай,
Білемісің, мың жылқылы жатыр қандай.
Сатыбалды, Естемес, Алмақ, Салмақ,
Бəрін бірдей айтамын біржолата-ай.
Шенет қалды тағы да бұл жағында,
Жаратқан оны да артық патша Құдай.
Жамбыл:
Керек болса ақшаны
Көн қапқа салып алдырған,
Ел көшкенде қазынасын
Алпыс нарға арттырған.
Асыл кілем жаптырған,
Жібектен арқан тарттырған,
Əлемді алып байлығы,
Əсемдігін арттырған.
Олай болса өктемдеп,
Алатауды бөктерлеп,
Бұдан да сырғып өтейін.
Қалай айтсаң олай айт,
Құлмамбет, саған төтейін.
Бұдан шығып аяңдап
Кəстекке барып жетейін.
Ол Кəстекті жерлеген,
Ағысы судай өрлеген,
Сұраншы, Саурық батырым,
Шеніне дұшпан келмеген.
Ақ кіреуке жамылып,
Ат кетпеген кермеден.
Садағын белге байланып,
Жауға қылыш сермеген.
Қамын ойлап халқының,
Тар кезеңді бермеген.
Тоятын тілеп алыстан,
Тұғырда тұрып жем жеген!
Барайын енді аяңдап Сыпатайға,
Айтпай оны кетпеймін тегі жайға;
Ұлы жүздің тірегі батырым ғой,
Бір болмаған ығай мен сығайыңа.
Қайыры қарашыға сондай жақсы,
Қандырар сусындатып қант пен шайға.
Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,
Ерлікпен ел намысын берді кімге?!
Өңкей сасық байларың сен мақтаған
Қолдарынан түк келмей жүр өмірде.
Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,
Арғымақ мінгізеді ат керекке.
Түгендеп бір жұмада бола алмайды,
Көсілтіп қамшы басып көк серекке.
Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.
Кім мақтамас қайрымды ер Сыпатайды,
Дəулетімен ораған Алатауды.
Қанша халық аралап жүрсем-дағы,
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
Бұл сөзді мұнда тастайын,
Сабыр қылып саспайын,
Теріскей тұрсын жайына,
Күнгей жақтан бастайын.
Ол күнгейді жерлеген,
Желмая мініп, желменен,
Өрге салсаң өрлеген,
Жер жəннəтін жерлеген,
Байтелі, Қаумен, Дəулетті,
Жəпек пенен төртеуі –
Бəрі ерлер əулетті.
Өнері асып əр жаннан,
Түзеген көшін сəулетті.
Асықпай тыңда, Құлмамбет,
Беремін кезек нəубетті
Онан бері асайын.
Теріскейге қадам басайын.
Жоғарғы шеті Мырзабек,
Бəрі де өңшең қара көк.
Арғы атасы Қашке – қарадан хан болған,
Қылған ісі Əбілпейіске таң болған.
Аруақты ер болып,
Алқабылмен ел болып,
Сондай-сондай жан болған.
Төменгі шеттен айтайын:
Əлі менен Нұрабай –
Ер Қашкенің тұқымы.
Атасы жауға аттанып,
Жауды көрсе шаттанып,
Ат құйрығын бұлады,
Елінің басын құрады.
Онан былай өтейін,
Көзіңді сенің көр қылып,