Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жамбыл мен Досмағанбет (5-бөлім)

Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 167 жол

Асығып өлең айтам деп,
Бір киеге жолықпа!
Елің кедей болған соң,
Мал таба алмай, қыз сатқан.
Менің жеген балығым
Мұнан жаман болып па?!
Менменсінген сендейді
Біз де ақынбыз іздеген.
Үйінен жылан шыққандай,
Жаз кетсе, қаңғып, күз көрген,
Байлығың сенің қайда бар,
Мал орнына қыз берген?
Бір жарамды жігіті,
Дулатыңның Алпысбай,
Күнде арақ ішкені,
Орыстың үйі түскені,
Закоскесі қиярдан,
Алдында тақтай үстелі.
Сен Абақтың жүйрігі,
Мен тұлпары Тарақтың,
Жаңылдырма тілімді.
Жаратқан, Тəңірім, күштісің,
Дүниеге жан ғып жараттың.
Алуан-алуан ел етіп,
Жер жүзіне тараттың,
Бəрекелді, Жамбылым,
Өтірікті шындай ғып,
Жалған сөзді дыңдай ғып,
Жұртты аузына қараттың.
Сатып алып кеселді,
Пайдасы қанша арақтың,
Салты осы ма еліңнің?!

Биі, байы, болысың
Босатпас алдын қабақтың,
Арақ десе, жымыңдар,
Құлқыны құрып қылмыңдар.
Мейлі, қазақ, орысы.
Ішпесе басы ауырар,
Қалаға жақын қонысы.
Күнде салып салықты,
Зар қақтырып халықты,
Мойнынан түспес борышы.
Жеріңді сатып ұлыққа,
Жесе тоймас, құнықпа,
Тарылған жұрттың өрісі.
Оразалы дегенің
Қарындасын өзі алып,
Есітпеген жол салып,
Бір тентектің кесірі,
Шулады Дулат қозғалып.
Көп ұзартып созбалық.
Бұл да жетер басыңа,
Əділдіктен озбалық.

Жамбыл:
Албырт жиен, Жалайыр,
Еліңде бұзық жоқ болса,
Қожақан ішті неге арақ?
Əулие, сопы көп болса,
Көпке тиер кесірің,
Кожа мен молда бек болса,
Дəулетті ата тек болса,
Бойыңда арам кек болса,
Молда емес, ол əзəзіл,

Сүйкімсіз, жұртқа жек болса,
Сол Қожақан болысың
Мекеге барды қажы боп,
Боза, арақ ішкен соң,
Айтады несін қажы деп,
Пара тағы жейді екен,
Ел ішінде қазы боп,
Арамтамақ, ақ білек,
Қол астын жемей, қолдай ма?
Басшы əділ болмаса,
Жұртқа əділдік орнай ма?
Ел қорғайтын ұл туса,
Елді дұшпан торлай ма?
Шаңымды менің шалмайсың,
Ұрсаң да қамшы борбайға!
Қырсық шалса жолыңды,
Ісіңді Құдай оңдай ма?!
Төрт түлік мал тұрғанда,
Сойдырып шошқа соғымға,
Шариғат жолы сондай ма?!
Сен білмейсің, мен айтсам,
Қосшыбайдың атасы,
Қайырсыз бай Қалдайың
Тоғайдан торай қоймаған,
Адалдап жиған малдайын.
Ажырата білмеген,
Адал мен һарам қандайын.
Шариғаттың жолында,
Арам жемек бар ма екен?
Албырт жиен, Жалайыр,
Еліңнің салты мынадай:
Жасын кəміл толтырып,
Қыз өсірдің бұладай.
Алыстан келген сəудегер,
Бір керегін сатып ап,

Кездемесін сатқан боп.
Қыздарыңмен жатып ап,
Зауқын сафа қылады-ай,
Мақтанарлық жəйің жоқ,
Желпінген көңіл басылып,
Желіккен жүйрік тынады-ай.
Саудегер, молда, зұлымсың,
Халықтың көзін боядың,
Қайыр басқан тұмадай.
О да сенің кесірің,
Кемуге себеп несібең.
Алты ауызды ала боп,
Басыңды төре сұрады-ай,
Мен боламын ханың, – деп,
Хан салығы қалың, – деп,
Хандығым жұртқа мəлім, – деп,
Еліңді қысты, қанады-ай.
Ханнан көріп қанауды,
Ат, айғыр қалмай жараулы,
Күйзеліп жұртың жылады-ай.
Көтердің жұртқа бас қылып,
Қайыры көпке тимеген,
Қаны қара залымды,
Залымдығы мəлім-ді,
Алдына тура бара алмай,
Барып жауап ала алмай,
Айта алмадың зарыңды.
Жылқы, түйе, сиырмен,
Қой, ешкіні сойыс деп,
Тартуға тарттың барыңды,
Тартып алды еріксіз
Жүк артатын нарыңды,
Көз жасына қарамай,
Жылатып, кемпір-шалыңды.

Хан жарлығы солай деп,
Бұқара бізге оңай, – деп,
Жер жақсысын бай алып,
Бай патшаға теңеліп,
Өрісің қатты тарылды.
Ел қорғайтын ерлерің
Алдына барып бас иіп,
Алдиярлап жалынды.
Төрелер келіп, жəй салды
Алтынемел белінен,
Жайлау, қыстау мекен ғып
Күреңбел деген жерінен.
Мал, басыңда ерік жоқ,
Жауға бердің жеріңді,
Жүре алмай қорқып шенінен
Жоқтамай намыс, арыңды.
Мықты болсаң, сұраттың
Ханға неге еліңді?!
Қаны қара сұмырай,
Қатты басты беліңді.
Үн шықпадың, тұншықтың,
Шығара алмай шеріңді.
Ханның сесін қайырып,
Еліңді даудан айырып,
Алмадың қалай кегіңді?!
Əулие болса, қайда еді
Ескелді би мен Балпығың?!
Төреге елің сұратып,
Нашарларын жылатып,
Қадірін білмей халқының,
Байтақ жатқан кең елге
Тиді кесір шарпының.
Елеуреп ең ентігіп,
Басылды ма қарқының?!
Ат-тоныңды олжа ғып,

Жамбыл Жабайұлы өлеңдері

Барлық 94 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері