Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жамбыл мен Досмағанбет (1-бөлім)

Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 164 жол

Əуелі тамам сөздің іптидасы,
Жиеннің жиырма үште еді жасы.
Сөйлейін Жамбылменен айтысқанын,
Жарандар, құлақ салып, сөз тыңдашы,
Жамбыл да өз тобынан асып жүрген
Көп ақын беттей алмай қашып жүрген.
Сөйлеуге қара сөзге құстан жүйрік,
Көңілін талай жанның басып жүрген.
Сөйлеген талай топта таңлай қағып,
Жұртына өлеңменен жүрген жағып.
Бұл күнде Досмағанбет не болғанын,
Көрерсің тамаша ғып тұрғын бағып!
Бала екен сөзге жүйрік Досмағанбет,
Жасынан жүрген екен өнер іздеп,
Көбісбай, Қаранбайда жатқан екен,
Қысты күн іздеп келіп нағашым деп.
Сол кезде Жамбыл ақын ол да келген,
Өлеңі ұйқы-тұйқы соққан желден.
Үйінде Көбісбайдың қона жатып,
Өлеңді білгенінше сабай берген.
Бұл Жамбыл сөз сөйлейді таңырқатып.
Өлеңді бастан-аяқ аңыратып.
Жантай мен Сүйінбайдың айтысқанын,
Жырлады біразырақ дауылдатып.
Саламат-аман тұрсам, көрермін, – деп,
Ол түні Досмағанбет қалды жатып.
Ал, енді сөйлер желіп Жамбыл ақын,
Ежелден топты жарған даңғыл ақын.
Сөйледі сонда Жамбыл бұған қарап,

Таң атқан іші-бауыры аттай жарап.
Алдына келіп: – Кəне, сөйле, – деді,
Баласың сен де ақын жаңа талап.
Ол бала сөз сөйледі тілді безеп,
Отырған əдеппенен көңіл тежеп.
– Сөйлей бер, білгеніңше, Жамбыл аға,
Бір келген мейман едің, бердім кезек.
Сөйледі сыпыра желіп Жамбыл ақын,
Көрінді көп ақыннан сөзі батым.
Жарандар, жүз жыл дəурен сүрген болсаң,
Ойлағын, бір басыңа ажал жақын.
Сөйледі сонда Жамбыл нақыл айтып,
Жуық боп ағайынға жақын айтып,
Елінің үлкен-кіші баршасына
Отырды əр нұсқадан ақыл айтып.
Сөйледі мүдірместен сары таңға,
Өзінен басқа жоқтай бұл жаһанда.
Отырған төрт түйелі Жалайыр, – деп,
Тиеді сөздің шеті анда-санда.
Баяндап əңгімесін бастан-аяқ,
Айтысқан Жамбылменен сөзі мынау.

Жамбыл:
Самғаймын қанатымды, ал, аспанға,
Дүбірлеп дауысым кетсін бар жаһанға.
Иірем сені сөзбен, Досмағанбет,
Аяғың тисін жерге анда-санда.
Сен мені жеңе алмайсың, арбасаң да,
Төрт бұрышын төңіректің жалмасаң да.
Жалаңдап аш бөрідей келдің қайдан,
Жақсылық Жалайырдан алмасаң да?
Арғы атам – аруақты ер Қарасай,

Досмағанбет:
Сөйлейсің барған сайын өктем-өктем,
Түскендей ата-анасыз аспан-көктен.
Аралап Абақ, Тарақ, жүрсең-дағы,
Түспепті тері шалбар, қаптал шекпен.
Ол да өткен Асан қайғы, Бұқар жырау,
Ол күнде шапқыншылық, қанды бұрау,
Қараспай жарлы-жалшы нашарларға,
Хандардың мақсаты сол – жұртты қинау.
Атамыз бəріміздің – Абақ, Тарақ,

Ақынды көргенім жоқ сендей салақ.
Бойында саралықтың белгісі жоқ,
Тал түсте кеткендей-ақ ұры тонап.

Ал, Жамбыл-ау, Жамбыл-ау,
Сөз сөйлейін мен саған,
Таудан аққан бұлақтай
Жасөспірім баламын,
Жапырағы жайқалған,
Көлге біткен құрақтай.
Лақ, текедей бақылдап,
Мазамды алдың шыдатпай,
Қойдағы азбан қошқардай,
Сөзіңді мен отырмын
Сірə де сенің ұнатпай.
Өлеңіңді қысқартқын,
Мұнан былай ұзартпай.
Буындырам мен сені,
Бір шығармай үніңді,
Желкеңнен түскен тұзақтай.
Жаудыратам көзіңді,
Қалдырамын сөзіңді,
Қараңғы түн болғанда
Алдыңда жанған шырақтай.
Ақында шайыр ақпамын,
Аспанға ұшқан пырақтай.
Сөзіңде сенің асыл жоқ,
Құбылып тұрған сынаптай.
Меніменен айтысып,
Жете алмайсың мұратқа-ай!
Жас баламен шайқасып,
Айтысып өлең байқасып,

Жас ақыннан сүрініп,
Қалып жүрме ұятқа-ай.
Жете алмассың қуғанмен,
Мен бір асыл туғанмын.
Белді қынай буғанмын.
Арғымақтай буданмын.
Тұлғаңды сенің айтайын,
Тұлпарлығыңды байқайын.
Сұлыға тойған қазанат,
Маған қайтып жетерсің.
Алдыңда жүрген пырақпын,
Енді маған нетерсің?!
Меніменен айтыссаң,
Түбіңе өзің жетерсің.
Бұл арадан кетерсің.
Қасірет-қайғы шегерсің,
Ала алмасаң, алысып,
Арманда болып өтерсің.
Ақындығың шамалы,
Ала қашпа екенсің.
Тонауға түскен ұрыдай,
Ат-тонынан айрылған,
Қанатынан қайрылған,
Жасыған жездей майрылған.
Басыңда жөнді бөркің жоқ,
Адам көрер көркің жоқ,
Ақынмын деп сестенбе,
Сөзіңде қуат, серпін жоқ.
Өз пиғылыңнан тапқандай,
Кейпің жаман, Кейқуат,
Байдың малын баққандай.

Құлаққа маза бермедің,
Даңғаза дабыл қаққандай.
Алдында жиған малың жоқ,
Мойныңа салған салық жоқ.
Қу кедейсің қаңғырған,
Жауласарға елің жоқ.
Жыршы емессің, бақсысың,
Дүниеге тапшысың,
Бақсы да, сірə, болмадың,
Өлең айтып оңбадың.
Ел ішінде азыпсың,
Бір Құдайға жазыпсың.
Шекпенің жоқ сенің де,
Сен бір жүрген зəлім-ді.
Бір бойында сəнің жоқ,
Аралап Абақ жүрсең де,
Үш күн жатар жайың жоқ.
Жаман тамды салдырған
Орыстан закүн үйреніп,
Ағайын көңілін қалдырған.
Жатқа жерді алдырған.
Еліңде бір байлық жоқ,
Қазан асқан жеріне
Сабан-топан жақтырған.
Кеште ойнаған бақсыдай
Саған қобыз шалдырған.
Сені көріп отырмын,
Өзімнен-өзім қапалап,
Түсіңе сенің қарасам,
Жүні түскен жапалақ.
Жаратқан ием, Құдай-ай!
Нағашы жұртым ер екен,

Жамбыл Жабайұлы өлеңдері

Барлық 94 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері