Жамбыл мен Құлмамбет (1-бөлім)
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 155 жол
Құлмамбет:
Құлмамбет менің атым құлан аян,
Менің Құлан екенім тəңірге аян.
Албан, Дулат жиылып бата берсе,
Кеңес айтып жырлайын етіп баян.
Қара күңнің баласы Ысты пақыр,
Кім өлсе соған түсер заманақыр.
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса ол неме қайда жатыр?
Бүгінгі күн елеусіз қалғанменен,
Ертеңгі күн шаужайдан алар ақыр.
Сейітбаттал, ер Əлінің соғысындай,
Не болса да болып қалсын, жылдам шақыр!
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Ақын болса қайда отыр ол немесі,
Көрелік, оны неге ардақтайды?
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Албан, Дулат тобында мен бір жорға,
Менімен жарар ма екен шалдыруға?
Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс,
Менімен жарар ма екен салдыруға?
Топтан озған о-дағы жүйрік болса,
Кешікпей шапшаңырақ шақыр мұнда!
Жамбылды Құдайберген алып келді,
Жиылған халайықтың бəрі көрді.
Жамбылды ол Құлмамбет көргеннен соң,
Жамбылға сүйкенісіп, сөйледі енді.
Сондағы Құлмамбеттің сөзі мынау,
Арам тер талай ақын болды бұлау.
Жамбылға сонда тұрып былай деді,
Басқасы болмаған соң аяқ ылау:
– Болғанда жол ағадан, тон жағадан,
Арлан бөрі соғады тау сағадан.
Бас қосып бағландармен қалмақ үшін,
Ізденіп келіп тұрмын Қарқарадан.
Аузыңда сəлемің мен аманың жоқ,
Үлгісіз көргенім жоқ сендей надан.
Жүрмегін омақасып орға түсіп,
Өмірі кішілікке баспай қадам.
Өлеңші өршеленген толып отыр,
Бірі көшіп, біреуі қонып отыр.
Мысалы дүниенің сол секілді,
Бəрі де көрмегендей болып отыр.
Өлеңші толып отыр көбелектей,
Тоғыз ақын толғанып төңіректей.
Тоғыз тұрмақ ақының он бір болса,
Немене бəріңді де басып өтпей.
Қамалып қам теріге бүрмеленбе,
Қысты күн қар астында қалған шөптей.
Мені шын жеңемін деп желікпей-ақ,
Қойыңдар абиырды шашпай, төкпей.
Апырмай, Құлмамбеттің келді кезі,
Қалай теріс болады айтқан сөзі.
Албан, Дулат бəрі кеп атқа мінсе,
Шапырашты дегенің немене өзі?!
Шапырашты дегеннің некесі жоқ,
Бай болады, диқаншы, тамағы тоқ,
Албан, Дулат бəрі кеп атқа мінсе,
Дегенің Үштаңбалы керегі жоқ.
Албан аға болғанда Дулат іні,
Сөзінде Құлмамбеттің бар ма міні.
Албан, Дулат бəрі кеп айғай салса,
Шапыраштының не болар көрген күні.
Домалақтың төрт ұлы есен болса,
Сірə, жеңбей қоймаспын бүгін сені.
Жөнделіп жүйткуші ем жөнсіз жерден,
Мен жауға алдырмаушы ем əлсіз жерден.
Мылтыққа түтеп тұрған қарсы шауып,
Асықсаң ажалыңа келші бермен!
Болғанда мен ақсұңқар, сен бір тауық,
Сен əтеш айғайлағыш ауық-ауық.
Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,
Басқасын қою керек жылы жауып.
Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан,
Оқтаулы ақ пернеге қарсы шауып.
Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң,
Не қылса да артық дүр сенен бағам.
Қасқарау Нұрақанның жылқысын мен қаптатсам,
Қырылар, Шапырашты, бұзау, танаң.
Бұлбұл қабақ бастанған Екейім-ай,
Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай!
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді,
Түбіңе таза тақыр жетейін бе-ай!
О, Жамбыл, бүгін болар ұрын тойың,
Ертеңгі күн болады дəл шын тойың.
Тобықтай түзу жерден жол таппайсың,
Бабаның мен қаптатсам қалың қойын.
Аңлашы, Албан бай ма, Дулат бай ма,
Сенің байың шолақ бай, Дулаттай ма?
Қалың жатқан келейін Майлыбайға,
Мұнан соң мен барамын Бектембайға,
Тарпаң мен Тоқсейіттей бегің қайда?
Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр,
Баласы Ниязбектің Сəрсенбайда.
Дəметкен сары майдан кеудең қайда,
Жамбылым, енді келдің ұрар сайға.
Ойың бар айтыспаққа меніменен,
Түбінде кімге зиян, кімге пайда.
Баласы Өтегеннің Нұрақан бай,
Хан Шөйбек қарауың көрде жатыр былай.
Көбікбай, Қарабаймен алыс жатыр,
Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай.
Жəне бар Тілеуқабыл, Үсенбайым,
Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын,
Алма тартқан кісіге ат береді,
А, Жамбыл, білуші ме ең мұның жайын?!
Тағы бар Жайылмыста молла Сəтім,
Бақ пен қыдыр іздеп кеп жалғасатын.
Дəулеті Сегізбектің серке болды,
Салмағы қорғасындай қол басатын.
Бай болған Ормақайға қызыр дарып,
Смайыл келген еді қажы барып.
Солардың үлгі көрген ұрпағы еді,
Соғайын ер Мəңкені ауызға алып.
Алысбай, Мəлік пенен тағы да бар,
Қалай айтсам сыйғандай шағы да бар.
Ыдырыс, қос тотым мен ер Шұманақ,
Кеңпейіл, кетпес дəулет, бағы да бар.
Шапырашты сөйлесең жаманың жоқ,
Шүу десең, бəрің жүйрік шабаның жоқ…
Кіріп келіп есіктен үндемейсің,
Үлкенге сəлемің жоқ, аманың жоқ.
Үндемей кіріп келдің тайпақ қара,
Өзің қандай, мен қандай, байқап қара.
Үлкенге сəлемің жоқ, аманың жоқ,
Не басыңа күн туды дүзі қара.
Ей, Жамбыл, үндемейсің дертің бар ма,
Үндемеске қылған бір сертің бар ма?
Шапқанмен к… мəлім Шапырашты,
Ұстасар меніменен кертің бар ма?
Мен айтсам айтам қалың байлығымды,
Дулаттан жиып жүрсің шайлығыңды.
Албан, Дулат жиылып бата берді,
Бұзбайды жандарал да жарлығымды.
Ашулансаң аспанды тастап жібер, –
Сен де аянбай қимылда барлығыңды!
Жамбыл:
Қызғанша айғай шығып, едім салғыр,
Сөйлесең əр немені тілің шалғыр.
Келген жерден сөйлейсің тура тістеп,
Қалайша шайқақтайсың, тəңір алғыр!
Сөйлесем өлеңімді түптеп бермен,
Құйылар сөз нөсері көктен, жерден;
Мылтықта түтеп тұрған мен бір пестон,
Асықсаң ажалыңа келші бермен.
Құлмамбет, сен жақсы да, мен жаман ба,
Ақында сен жүйрік те, мен шабан ба?
Қарасайлап қосылсам бір бүйірден,
Ақырында кетерсің бас аманға!
Ұша алмас қара бүркіт қалықтамай,
Құлмамбет сөз сөйлейсің анықтамай.
Айтатұғын кісінің өзіне айтқын,
Делбе кезек кісідей шалықтамай!