Көрұғылы (1-бөлім)
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 204 жол
Домбыраны қолға алып,
Ойланып қатты толғанып,
Тыңдауға халық келгенде,
Көрұғылыны қозғалық.
Сөз шумақтап оралып,
Бір сөзден бір сөз таралып,
Желді күнгі жалындай,
Сөзім бір кетсе қозданып!
Ажалдан қорықпай түйілер,
Аспандап қыран шарласа.
Ақын қорықпай шүйілер,
Тілдің бізін арнаса.
Зымырап жүйрік жүгірер,
Аяқтан біреу шалмаса,
Жау десе батыр киінер,
Тоқталмас кегін алмаса,
Ел елдігі бола ма,
Ерлермен жауға бармаса!
Тұтастығы бұзылмас,
Өз жерін жаудан қорғаса!
Ағаш қалар қуарып,
Жапырақ, тамыр болмаса!
Теңіздер қалар суалып,
Құятын өзен болмаса!
Өзен де ағар күшейіп,
Бастау – бұлақ қолдаса!
Жамбыл да кетер қалықтап,
Халықтың күші қозғалса.
Болат құнын жоймайды,
Тат басып, сынып тозбаса!
Тот басқаны тозғаны –
Бəйгеде тарлан озбаса!
Кейін тартпас, келген жас,
Жолды ілгері созбаса.
Айғайласа екпіндеп,
Жол бастаған тарланың,
Артта қалды көп күндер,
Игілікке арнадым.
Туғаннан бері аралап,
Талай жерді шарладым.
Кəрілікті сылтау қып,
Жасымадым, қалмадым.
Ел билеген хандардың,
Адамнан шыққан жыртқыштың,
Кездестірдім алуанын.
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым!
Сөз шындыққа жеткенше,
Өткір сөзбен торладым,
Өткізбедім шындыққа,
Шариғатын молданың.
Өтірікке сатылып,
Талай көрдім барғанын.
Қорқытып əкім ақырса,
Пара алып, молда шатылса,
Алакөз байлар мал үшін,
Көргенін айтпай жасырса,
Алыпсатар саудагер,
Қулығын алдап асырса,
Дұрыстық қайдан табылар?
Нахақтан барып дараға,
Сорлы кедей асылса.
Жарлығын хан кешу жоқ,
Бас ұрып халық зарласа,
Сөзіңді ешкім сөйлемес,
Тойғанынша алмаса.
Алдау, зорлық, өтірік,
Біреуге біреу нанбаса:
Тамақ үшін сатылған,
Ұлықта ар қалмаса.
Айтқанменен жалынып,
Арызыңды алмаса.
Алатұғын қақынан,
Асырып пара қармаса.
Ауға түскен балықтай,
Шыға алмайсың бұлқынып,
Əділеттік болмаса.
Күннің көзін жасырар,
Аспанды бұлт шарласа.
Елдің бағы ашылар,
Əділеттік орнаса.
Баланы жақсы өсірмес,
Бұзықтық шырмап торласа.
Қасиет болмас халықта,
Басқарушы қорласа.
Малдай айдап адамды,
Орынсыз күштеп зорласа.
Жау басынар халықты,
Басқарушы оңбаса.
Өркөкірек наданға,
Айтқан ақыл қонбаса.
Надандықтың белгісі –
Бет келгенде берілер.
Қожа болып сыртыңнан,
Орынсыз бөсіп, елірер.
Өзінен өзі мақтанып,
Буға пісіп семірер.
Білгіш, жүйрік өзі боп,
Оңашада көрінер.
Кердең басып аяғын,
Жыртыла жаздап керілер.
Өсек айтар ел кезіп,
Еңбек десе ерінер.
Ойламай орғып сөйлейді,
«Білетін бəрін мен» – дейді.
«Ақылым – арна таусылмас,
Білімім – шалқар көл» – дейді.
«Өзімнен артық адам жоқ,
Аузымнан шықса жөн», – дейді.
Оңбайтұғын өр кеуде,
Дұрыс айтсаң көнбейді.
Мастандырса мақтаумен,
Қас дұшпанын көрмейді.
Ақыл айтқан досына,
«Аулақ» деп қолын сермейді.
Жүрген жерін бүлдіріп,
Халыққа тыныштық бермейді.
Біреу мақтап қайраса,
Орынсыз іске айдаса,
«Жанашырым сен» дейді.
Ұятқа барып ұрынар,
Тұмсығы қанап жығылар,
Ойына да келмейді,
Өткен күнді еске алып,
Өзіне есеп бермейді.
Аңғал сорлы алақтап,
Босқа шауып далақтап,
Жексұрын болып халыққа,
Қанжілік болып терлейді.
Айтып өсек-өтірік,
Қасиетін кетіріп,
Жүргенін өзі көрмейді.
Түсінбей сондай надандар,
Өтті қилы замандар.
Жаны ашитын нашарға,
Туғанша əділ адамдар!
Жетім менен жесірді,
Тонап алып кей зұлым,
Мықтымын деп есірді.
Жері мен малын тартып ап,
Қонысынан көшірді.
Нашардың берген арызы,
Қашан дұрыс шешілді?!
Қырғындатып қиратып,
Тіршілігін өшірді.
Халыққа азап шектірген,
Сол заманның хандары.
Қанішер жəне зорлықшыл,
Сол хандардың заңдары.
Басына ажал төнгенде,
Азапты қатты көргенде,
Халық сонда аңғарды.
Ханның бірі Бозайхан,
Одан да халық зарлады.
Ешбір ханнан əділдік,
Халыққа үлгі қалмады.
Өз қамы үшін соғысып,
Жердің бетін қандады.
Бұрынғы бір заманда,
Сұлтан өткен Көрұғылы.
Көрден шығып ол бала –
Атанып кетті Көрұлы.
Біраз сөйлеп берейін,
Көрұғылыны халыққа.
Əшкереле, қызыл тіл,
Өткен істі жарыққа.
Ашыла сөйле, көмейім,
Айтар сөзді анықта.
Желіп мен де жөнейін,
Келген кезде шабытқа.
Үстем болсын мерейім,
Он саусағым талықпа.
Қалыспай сөйле домбырам,
Жамбыл сөйлеп кеткенде.
Деп қалмасын кейбіреу,
Кəрілік бұған жеткен бе?
Сыр бере қоймас Жамбыл да,
Жас ортаға жеткенде
Ұзаққа Жамбыл сілтеді.
Өлеңнен алып көкпары
Айт дегенде айтпасам,
Болармын елге өкпелі.
Мені де халық сыйламас,
Ел қадірін көрмесем.
Сараң ақын демей ме,
Сөз қолқасын бермесем.
Еңбегім жанар түбінде,
Ел үшін шаршап терлесем.
Бозайхан атты ер өтті
Құлашын кең сермеген.
Жеңілуді білмеген,
Қан майданда – ұрыста.
Қарсыласып келгенде,
Ешкім де төтеп бермеген.
Өзінен басқа хандарды
Хандық еткен жандарды,
Өмірінде сүймеген.
Жер бетінде халықтың,
Күн астында жарықтың,
«Билесем бəрін мен» деген.
Қан көрмесе жеті күн,
Ел шаппаса екі күн,
Құмартып қанға шөлдеген.