Пұшықтың ұрыға айтқаны
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 20 жол
Шығып ем бүгін мініп көк байталға,
Кез болдым екеуіңе көк қайқаңда.
Көк байтал өзі семіз, өзі буаз,
Жануар шаба алмаса, өкпе айтам ба?
Екеуің келе сала пұшықты алдың,
Өкпесін өзі дімкəс қысып та алдың.
Қалғандай қағындысы құрттан əлі,
Пұшықты бартылдатып ұшықтадың.
Олжалап кетерсіңдер байталымды,
Қалмаймын мен де бүгіп айтарымды.
Осы өлең қайда барсаң қиқу салып,
Қуалар бойларыңнан сайтаныңды.
Білемін, бірің Манас, бірің Сырым,
Пұшықты тонағаның жаман ырым.
Атыңды біреуіңнің бірің атап,
Көріп пе ең, адам тонап бұдан бұрын.
Ала бер байталымды, Сырым, Манас,
Байталға мейлің өліс, мейлің талас.
Атыңды екеуіңнің біліп алдым,
Аржағы керегі жоқ, болды қалас!