Қалдырған (II түрі)
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 22 жол
Суаты құмдық көл қайда?
Жағалай қонған ел қайда?
Қыз, бозбала бас қосса,
Ыбырай ақын, сен қайда?
Шіркін бір дүния, кең едің,
Біраз күн алдап бөгедің.
Өкпеледім, дүние-ай,
Жолдас едің демедің.
Жан-жаққа гүлің балбырап,
Қызықты дүния сен едің.
Орта жүзді қыдырған,
Жалғыз да бұлбұл мен едім.
Арғын, Найман ұлынан
Талайдан сарқыт жеп едім.
Алпыс жасқа келгенде,
Сақал, мұртым қуарып,
Тамыр біткен суалып,
Неліктен мұнша жүдедім?
Алпысқа келдім азамат,
Халыққа шықпай жаман ат.
“Қалдырғанды” тапсырдым,
Сұраған саған аманат.