Тұрабай болыстыққа таласқанда айтқаны
Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 58 жол
Пендеге қайтып келмейді өткен өмір,
Демеңіз егер өтсе қайтып келер.
Бар малын күзем алмай ақша қылып,
Құтырды не себептен есентемір?
Осы жел неден кірді сулыкөзге,
Кей адам түсінбейді айтқан сөзге.
Елірткен ер жігіттің тіліне еріп,
Құтырды малын сатып иттен өзге.
Осы жел кімнен кірді Тұрабайға,
Кей адам түсінбейді айтқан жайға.
Біреудің суайттаған тіліне еріп,
Пайда ма малын шашқан сор маңдайға?!
Сор қысты Тұрабайды биыл жаман,
Жігіттер, сорлы болма, келсе шамаң.
Баспақтың тоқтыменен соры-дағы,
Ақаннан Қорқайменен пайдаланған.
Талабы Тұрабайдың келіспеген,
Халық тату болушы емес керіспенен.
Ақты қой, қылаң жылқы, қызылды нар,
Бұ күнде қазақтан бай беріш деген.
Күніне елу мың қой қырса-дағы,
Дей алмас біздің қазақ: «Неге істеген?».
Ел бұзу Түйтебайға ұят болды,
Секілді қара төбет жер иіскеген.
Ат мініп Еснияздан жүруші еді,
Қор болды Тагушікке келіспеген.
Бұл сөзді жеткіземіз қиян шетке,
Ежелгі айқын жүйрік мен бір өктем.
Бір айғыр, күзем алмай, майын мініп,
Жел кірді мизам тумай Ырсымбетке.
Біздің ел биылдан соң майын бермес,
Бір қара қашып қалды көкірекке.
Адамның малы түгел жоқтамаған,
Талабың әрнешікке ұқсамаған.
Билікке Есентемір таласқан соң,
Болмайды байдың ұлы боқтамаған.
Сулыкөз хакім болып, іске айналса,
Қазанды кім құрады көксағадан?
Екпінім кейін емес тасқын судан,
Құшақтар бір пәлені ырзық қуған.
Көбіңнің мінген атың Бәшендікі,
Айтамын пайдаң үшін иттен туған.
Жиыла Қызылжарға қонып алып,
Күз болса, сенің пайдаң – мамыр қуған.
Жатады өлген адам көрді арқалап,
Бір батпан топырақ пен жерді арқалап.
Тегін ат Бәшендікі алып қалса,
Қалады Хасен қасқа ерді арқалап.
Дүние етті бастан атқан таңдай,
Болады мұның түбі әлдеқандай!
Беліңе бір-бір жүген шалып алып,
Атаңның, шұбаушы едің, құны бардай!
Ел еді есентемір бір таңбалы,
Құтырды босқа отырып, тобыр адай.
Құтыртқан көп тобырды Есен молда,
Пікірлі Шілмағамбет шешен молда.
Айтқанын Шілекеңнің қылмай кетті,
Қырсыққан, бақыты қайтқан есер молда.