Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бегалыға айтқаны

Мұрат Мөңкеұлы · 1843–1906 · 64 жол

Әуелде Беріш ағасы Себек еді.
Бай болған Байұлында Көбек еді.
Аунатып ақ киізге хан қойыпты,
Байұлы бір кеңесте Бөденені.
Хан ұлы қара қара қазақ жиналғанда,
Құдайым Айтуарды демеп еді.
Таудағы түбі тесік тас бұлақтай,
Шынжырың жеті атаңнан келіп еді.
Алмайды бір бергенін тәңір қайтып,
О, құдай қайтып алса, неге берді?

Атымбек – аруақты ер бақты баққан,
Дұшпанын ерегіскен зар жылатқан.
Мол дәулет Батырбекке қылаң бітіп,
Аулыңа қыдыр шернеп, кемал тапқан.
Аңдыды Оралда орыс, қырда қазақ,

Қымсынбай бір ер едің үйде жатқан.
Таудағы түбі тесік тас бұлақтай,
Шынжырың келе жатыр арғы жақтан.

Сөйледің он жасыңда бұлбұл сайрап,
Тәуекел іс қылмайсың артын ойлап.
Қиянда халықтың ары деген жерде,
Шаншылдық айдаһардай найзағайлап.
Таласқан жер шегіне шенді әкімді,
Сабадың тай өгіздей күнде байлап.
Тар жерде өне бойы қол жұмсайсың,
Қазақтың кімінде бар осы қайрат?!

Дұшпанға қол жұмсайсың тар заманда,
Ақылы мен зейіні жетіп барлағанға.
Басына әулиенің үш күн түнеп,
Бір тілек алған екен Алладан да.
Тілегін Алла есіркеп берген екен,
Перзентке бай-бәйбіше зарлағанда.
Халықтың бақытына сіз туыпсыз,
Қазақта жақсы кісі қалмағанда.

Әркімнің заманында туса мұндай,
Қазақтан туа бермес кісі бұндай.
Жүреді демің көкте, денең жерде,
Ертеңгі Байбақтының ұлы мұндай.
Жүреді демің көкте, денең жерде,
Сөз айттық кез келген соң асыл ерге.
Баласын Байұлының бір үйірдің,
Қимаймын бір қазақпен деңгелдерге.

Аз еді қылмағаның қылғаныңнан,
Сыймадың тұлыбыңа туғаныңнан.
Қол жұмсап он сегізіңде дұшпаныңа,
Тұлпардай дүбір салдың тұрғаныңнан.
Аз еді көрмегенің көргеніңнен,
Көрген жан үлгі алғандай өрнегіңнен.
Әншейін қара қалтай қазақ түгіл,
Өткен жоқ хан баласы да деңгеліңнен.
Ақырсаң үйде отырып, арыстандай,
Дұшпаның шыға алмайды шеңгеліңнен.

Дәулетің Бөденеден айдатылған,
Тұсыңа жүзден құлын байлатылған.
Сары қымыз тасқан судай сапырулы,
Саны жоқ самаурынның қайнатылған.
Қазақтан үй тәрбиең озған еді,
Ұжмақтың сарайындай жайнатылған.
Түскенде басқа тарлық сөйлейтұғын,
Халықтың бұлбұлысың сайратылған.
Алдыңа дұшпан шыдап тұра алмайды,
Секілді нар бурадай айбатыңнан.
Беріштен басқа қазақ теңдік алмайд,
Ішінде жалғыз сенің қайратыңнан.

Мұрат Мөңкеұлы өлеңдері

Барлық 54 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері