Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шөбектің бір ұзатқан қызына айтқан аужары

Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 56 жол

Риясыз ойдан шығар сөз дегенің,
Ойым жоқ тойдан бөлек өзге менің.
«Баста!» деп осы аужарды халық ұнатып,
Япырмай, бола қалды өз дегенім.

«Адам басы – Алланың добы» деген,
Айдаса қайда апармайд зор дегенің.
Бес-он күн туған үйге түнеп көшкен,
Ойласаң аз күн мейман қыз дегенің.

Бала едің халық ішінде көңілің ауыр,
Ұнамды, халық біледі аса тəуір.
Бұл сөзге ақылың болса түсінерсің,
Келмейді екі айналып өткен дəуір.

Дүниенің біл, қарағым, өтерін-ай,
Аяңдап жылдан жылға жетерін-ай.
Атаңыз халықты жинап той қылған соң,
Бұл елден тұз-нəсібің көтерілді-ай.

Атаңыз халықты жинап той еткен соң,
Қыз бала қайтып келмес бір кеткен соң.
Шіркін-ай, көңілін бұзып қайғырады-ау,
Бұл елден бөтен елге жөнелткен соң.

Əзелден ұзатылмақ болған мирас,
Қалай мұндай болғанын Ақтан сұрас.
Қолынан ата-анаңның өскенменен,
Жат жұрттық əйел бала деген рас.

Қолынан ата-анаңның айырыларсың,
Жылаумен екі көзің жаудырарсың.
Тікенсіз гүл, садапсыз дүр болмайды,
Ойлаумен ақыл иін қандырарсың.

Қарағым, тыңласаңыз ағаң сырын,
Бұл сырды анаң көрген сізден бұрын.
Оң жақта бұлаңдаған жас бала едің,
Ақ тамақ, үлпілдеген бота бұрым.

Келін боп бөтен елге барғаннан соң,
Жалғыз-ақ ас ішерің иттен бұрын.
Болады сонда қалай ахуалың,
Қайғымен отырарсың көңіл жарым.

Бұрынғы оң жақтағы дəурен қайда,
Болмайды өз басыңда ықтиярың.
Болғанда сөзің – гəуһар, тілің – шарап,
Құрбыңа қатарыңда жүрдің жарап.

Болсаң да қанша əулие бір кеткен соң,
Есіктен отырарсың төрге қарап.
Бұл сізге сөзім еді жармасқан-ақ,
Біз қалдық ойыныңа бармастан-ақ.

Сұрар деп тойдан мүше, ойыннан жол,
Ат ізін кеттің бізге салмастан-ақ.
Болмады ойыныңыз бізге нəсіп,
Баһым қыл, ишарат сөз айттым қасып.

Бас қосып, мəжілісте отырмас па ек,
Сықылды балға малған алтын қасық.
Танысып ана ауылға келдің-дағы,
Жылт етіп, бір көрініп, кеттің қашып.

Бойыңа лайықты болса осының,
Қараңды көріп қалдым шамаласып.
Ықтияр өз басында тұрған кез ед,
Тұсалдың, жүре алмассың аяқ басып.

Ақан сері Қорамсаұлы өлеңдері

Барлық 78 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері