Ақтоқтыға айтқан аужары
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 60 жол
Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныменен, жар-жар,
Талай мейіз беруші ең тіліңменен, жар-жар!
Алысқан қол бар еді, айтысқан серт, жар-жар,
Ант етіп ең айрылмас денеңменен, жар-жар.
Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныменен, жар-жар,
Алтын сапы асындым қыныменен, жар-жар .
Ғашық болған көңілім, асылзада, жар-жар,
Жатсам ұйқым келмейді түніменен, жар-жар.
Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныңменен, жар-жар,
Талай жауап айтушы ең сырыңменен, жар-жар.
Асып туған құрбыңнан, тоты құсым, жар-жар,
Əн шырқайын азырақ үнімменен, жар-жар.
Дін мұсылман естіген Қорылғайын, жар-жар,
Қытай, шүршіт, қалипа, үрімменен, жар-жар.
Таңмен қайтқан жұлдыздай дəуірің аз, жар-жар,
Өте шықты дəрежең дүрілдеген, жар-жар.
Тəңірі бұйрық қылмады, шара нешік, жар-жар,
Бұ дүниеде пенде жоқ сүрінбеген, жар-жар.
Ақ қайраңы мұхиттың сықылданып, жар-жар,
Біздің қармақ бұйрықсыз ілінбеген, жар-жар.
Таң мезгілде шығушы ең шұбалаңдап, жар-жар,
Жарық қылып дүниені нұрыңменен, жар-жар.
Бағы иран гүліндей түрленуші ең, жар-жар,
Қара көзге көрініп түріңменен, жар-жар.
Заманында үш тоты атанып ең, жар-жар,
Тым болмаса жүрмедім біріңменен, жар-жар.
Көптен жалғыз барасың аздай болып, жар-жар,
Жылағаның батады наздай болып, жар-жар.
Құрбың үшін жылаған замандасым, жар-жар,
Сан тобынан адасқан қаздай болып, жар-жар.
Қасың қара қаламның сиясынан, жар-жар,
Қолың нəзік таулардың миясынан, жар-жар-ай!
Көгілдірі аққудың сықылданып, жар-жар,
Қайтқан құстай боздайсың ұясынан, жар-жар-ай!
Жібек шəлі басыңа ораушы едің, жар-жар,
Жұпар құйып, шашыңды тараушы едің, жар-жар.
Барқыт бешпет, көйлегің материя, жар-жар,
Оқаменен əр сайын қынаушы едің, жар-жар!
Өз үйіңе патсадай қарындасым, жар-жар,
Шəһизада басыңды балаушы едім, жар-жар!
Күміс тұрман, алтынды ер, боз жорғамен, жар-жар,
Қырық ауылды көшіңді жанаушы едім, жар-жар.
Лағыл сырға құлаққа ілуші едің, жар-жар,
Барлық қыздың туындай асыл еркем, жар-жар.
Тамашаға сайрандап жүруші едің, жар-жар,
Жүруші едің құлаққа інжу тағып, жар-жар.
Тамашаңа барушы ем күнде бағып, жар-жар,
Торғын мəнер, шимайлы орамалың, жар-жар.
Қарақаттай көзіңнен жастар ағып, жар-жар,
Көңілдіге тұс болмай асыл зада, жар-жар.
Көндігесің жаманға енді нағып, жар-жар,
Күміс тұрман салушы ең мініп жорға, жар-жар!
Гəуһар кəмəр беліңді буған шақта, жар-жар,
Ұқсаймын деп ойлаушы ең Ғайн қорға, жар-жар.
Өз үйіңе патсадай замандасым, жар-жар,
Ақ сұңқар құс сықылды түскен торға, жар-жар!
Бəрекелді, Ақтоқты, тапқаныңа, жар-жар,
Бұрама шоқ шекеңе таққаныңа, жар-жар!
Бұдан артық құдайдан не сұрайсың, жар-жар,
Қорқау қасқыр түсіпті қақпаныңа, жар-жар!