Ұрқияға айтқан аужары
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 33 жол
Аққу кетіп, көлдердің қазы қалды, жар-жар-ай,
Қысы кетіп, мешіннің жазы қалды, жар-жар-ай.
Біраз назым тотыға айтпай болмас,
Көбі кетіп, дəуреннің азы қалды, жар-жар-ай.
Түйін болып көңіліме кетеді ғой, жар-жар-ай,
Бір айтатын асылдың назы қалды, жар-жар-ай.
Кеше туған жас қызды шалдар алды, жар-жар-ай,
Қолғанатын он төрттен кеші қалды, жар-жар-ай.
Толғанатын оларда несі қалды, жар-жар-ай.
Ғашықтықтың қыйсабы асып еді,
Ескеретін қалқаның несі қалды, жар-жар-ай.
Қалам алған бұлбұлың біз бір қия, жар-жар-ай.
Жібересің сұлуды кімге қия, жар-жар-ай.
Ақ қағаздың бетіне тарттым сия, жар-жар-ай,
Мəликедей ақ жарқын жан едіңіз, жар-жар-ай,
Кетемісің осыныммен Ұрқия, жар-жар-ай,
Бұл жалғанда елімнен кетпес деуші ем, жар-жар-ай,
Енді құрбым, есен бол, уа, дариға, жар-жар-ай.
Жібектей оратылған қолаң шашың, жар-жар-ай,
Қиылған қандай сұлу екі қасың, жар-жар-ай.
Лəззат пен сұлу көркем бəрі бірдей,
Қай затқа бағаланар сенің басың, жар-жар-ай,
Ақ көйлектің жағасын ырға тартқан, жар-жар-ай,
Машинамен қандай қып шырға тартқан,
жар-жар-ай.
Көп қыздардың ішінде тоты дана, жар-жар-ай,
Қия жүзі асылдың қорға тартқан, жар-жар-ай.
Ақмаңдай, қарақат көз, сүйген сəулем,
Секілді нəзік белің сымға тартқан, жар-жар-ай.
Көлбеңдеп дəл алдымнан өткенің бе,
Бағалы жүйрік аттай сыйға тартқан, жар-жар-ай.
Бар назымды жеткіздім бір өзіңе, жар-жар-ай,
Білесің жазылғанын қандай қаттан, жар-жар-ай.