Ермағамбет болыстың үйінде қызойнақта қыздарға айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 32 жол
Ойласаң аз ғана күн дүние-жалған,
Адамды жуықтатар берген-алған.
Оң жақта бұлғаңдап өс, мырза қыздар,
Ұялып қорғалама кемпір-шалдан.
Кемпір-шал қыз-бозбала болып өскен,
Жастықта көрген қызық кетпейді естен.
Оң жақта бос кезіңде шарықтап қал,
Кезінде тырп етпессің, кесең түскен.
Бұл күнде сіздей жанды қай жан алған,
Жалғыз мен құрметіңді көрмей қанған.
Қолынан қой жарысы келмейтұғын,
Жамандар бағасы кем құмарланған.
Бас қосып мəжілісте біз отырмыз,
Сықылды алтын қасық балға малған.
Басқаға лайықсыз жайнар нұрың,
Шарапсыз мыңнан таңдап бізге тамған.
Ғашықлық біз шығарған мирас емес,
Жүсіп пен Зылихадан үлгі қалған.
Ізденіп Баһарам да Күлəндамды,
Бейнетпен ақырында іздеп алған.
Бұлардың зар тартқаны Лəйлі-Мəжнүн,
Ізденіп ақырында қайда болған?
Бозжігіт-Сақыпжамал жас өндірлер,
Ат саздап жүре алмаған аққан қаннан.
Көп жапа, Шырынды іздеп, тартты Пархат,
Зарлатып, қоспай жапа берді жалған.
Зұһра-Таһирменен жаста кетіп,
Заманда піспей орған шөптей солған.
Ақыры Қозы Көрпеш-Баяндай боп,
Көзінің аққан жасы көл боп тамған.
Жүре бер тіл алмасаң барлығың да,
Кездесер ақырында бір бұйырған.