Екі торы ат
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 16 жол
Пар жектім екі торы сүмеңдетіп,
Жеріне уағда еткен келдім жетіп.
Уағда өткен айдың басында еді,
Кетіпті содан бері күндер өтіп.
Алайын əсем əнге басып-басып,
Есілдей ұзын аққан жүрмін тасып.
Көңілім қалқатаймен көптен тату,
Іс қылар қандай жігіт менен асып?!
Ұшады бозша торғай аспанменен,
Бұйрықсыз жан шыға ма сасқанменен?!
Кісіге кісі жары жар бола ма,
Бауырына тартып қанша басқанменен?
Су аспас биік жардан тасқандағы,
Жігіттің жары Құдай сасқандағы.
Бағаңа жан жетпейтін асыл еркем,
Дəрежең жұлдызбен тең аспандағы.