Ләйлім
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 12 жол
Есен-аман жүрмісің, Лəйлім шырақ,
Жаңа таптым ауылыңды көптен сұрап.
Жел тимесе, жан тимес деп жүргенде,
Қол ұстасып жатпенен кеттің жырақ.
Аққу едің таранған айдындағы,
Ұштың ұзап қанатың жайдың-дағы.
Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,
Қол алысқан сертіңнен тайдың-дағы.
Осылай ма еді, ей, қалқа, айтқан сертің,
Жүрегімді жандырды ғашық дертің!
Мұнша неге сен мені əуреледің,
Болмаған соң əуелде баста еркің?!