Нәзікгүл
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 12 жол
Нəзікгүл, дертке дауа айтқанда атың,
Жаралған перизатым, асыл затым.
Əр түрлі қылықтарың ойға түссе,
Жиылған бар денеме қасіретің.
Қарағым, етің аппақ аялаған,
Қаршыға өзен суды жағалаған.
Тауындай Баянауыл мұнарланған,
Жүз жылқы көлеңкеңді саялаған.
Келмейді қара шашың тарақтауға,
Көнбейді бала бүркіт балақтауға.
Дарияның ортасында сіз – бəйтерек,
Біз келдік бұтағыңа қонақтауға.