Қара нар
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 16 жол
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң.
Бірге өскен кішкентайдан сəулем едің,
Не болар енді күнім сен кеткен соң?
Кілтін бір алтын сандық ашқым келді,
Көңілді қапаланған басқым келді.
Басында биік шыңның тұрсаң-дағы,
Үстінен сол қияның асқым келді.
Ар жағы Қап тауының иран бағы,
Жігіттің дəл жиырма бес деген шағы.
Бағаңа жан жетпейтін, асыл еркем,
Дəрежең жұлдызбен тең аспандағы.
Түлкінің қалың тоғай іні болар,
Жаманның тал бойында міні болар.
Басыңды шардан шарға соқсаң-дағы,
Бір кесел осындайдың күні болар.