Тапқыр қоян
Мысал әңгімелер · 1 мин оқу
Аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Бір қазан суды қайнаттырып қойып:
—Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық беремін,—деген шарт қойыпты. Аңдар бірінен соң бірі келіп, қанша өжеттенсе де, қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында қоян келіп, қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да:
—Ыстықтай ішуді өте жақсы көремін!—деп жан-жағына қарайды.
—Ендеше іше ғой,—дейді аңдар аңтарылып. Қоян ұзыннан ұзақ, қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп:
—Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен кө ріңдер,—деп, бас-басына көрсетіп шығады.
Сөйтіп, қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шық қанша, қазандағы су суып қалады. Сол кезде қоян суды басына бірақ көтеріп, сіміріп алады. Шошынған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмысады. Ал алданған арыстан патша қоянға көп сыйлықтар бергізіп:
—Міне, нағыз ер!—деп мақтапты.