Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисса-и Нәріктің ұғлы Шора батыр (6-бөлім)

Шора · Мұхамбетнәжіп Әлиакбарұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Әлқисса, сонда Шора батыр Мақтымға сөйлейді:

—Қаратасың қасыңды,
Шығарасың шашыңды,
Үбрешіммен қаптаған
Сала бір құлаш шашыңды.
Жалғаншыға болар от-жалын,
Көзден ағың төндірміш,
Қайғымен, жаным, ішіңді.
Ақ некелі болғаным,
Ойындық бізден басылды.

Мақтым сөйлегені:

Сонда Мақтым сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жалаң қылыш беліңде,
Ер қаруы ол еді,
Мылтығың жоқ мойныңда,
Уайымың жоқ ойыңда,
Бір күдік жоқ ойыңда,
Мұнан қайтіп өтесің,
Асқар-асқар тауы бар,
Ақ сабылдың алдында
Қырық мың әскер жауы бар.
Оқалы бөркің басыңда,
Құлақшын бөркің сенің жоқ,
Үш тоқсан қаһары бар,
Жауатұғын қары бар.
Берсең дәмім татпайсың,
Қайда барсаң оңарсың,
Мойныңда алты бидің қаны бар.
Сонда Шора сөйлейді:
—Нәрікұғлы Шорамын,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Қар жаумасын, нұр жаусын.
Мен Қазанға барған соң,
Қар жаумақтан қан жаусын.
Хақ тілекпен шыққанмын,
Тізгін тартып нең үшін.

Әлқисса, арыстан Шора батыр енді Қазанға барып, пішен базарында Қабыл мырза дегеннің үйіне келеділер. Қабыл мырза[ға] айттылар кәпірлер: «Сізден салғырт үшін бір тауық жұмыртқасы[н] алмаға келдік»,—дейділер. Шора менен Құлыншақ бұны естіп тұрыпты. Енді Қабыл мырзадан Шора менен Құлыншақ: «Бұ кәпірлер бұнда не қылып жүр?»—дейді. Қабыл мырза жөнін айтыпты.

Шора батыр бұны есіткен соң, ол кәуірлердің бастарын кесіп, бірісін үйлеріне қайтарыпты. Қабыл мырза бұларды көріп қорықты. Шора батыр айтты: «Кәпірден қорқып не қыласың. Қандайлары болса да, иншалла Тағала, жайына салармыз»,— дейді.

Сол уақыт кәпірден хабар келіп: «Қабыл мырзаның үйінде Шора батыр бар еміш. Батырды ұстап алыңыз»,—депті. Арыстан Шора батыр бұны естіп бір назым айтқаны:

—Исламбұл, Қазан екі шаһар
Ежелгіден бері белгілі,
Мұсылманның медеу еді беліне.
Бұрынғы адамдар тентек-ау,
Қалай етіп салдырған
Қазыналы Қазанды
Шынты Мәскеу төріне.
Еділдің бірге қосылып,
Екі айрылған жеріне.
Енді біздің бұ шаһарда
Жатуымыз қанды ғой,
Тұруымыз енді не?
Қырым бір Қырым болғаны—
Қырымға қырық мың мешіт салғаны.
Бұ Қырымның ішінде
Қорлықсыз өскен ер едім.
Талшығыма күнінде
Тайлы бие жер едім.
Қазыналы Қазанды
Бұ кәпірден айырсам,
Ай, Құлыншақ батыр-ау,
Іс бітірдім дер едім.
Ақтанкерді әкелші,
Ерімді ерлеп мінейін.
Би киімімді әкелші,
Мұны үстіме киейін.
Мына тұрған кәпірге
Алланы үш мәртебе айтып тиейін.
Қазанның Қабыл мырзасы
Құлыншақ пенен Шораны
Қыстай қонақ етіп сақтаған.
Алты мезгіл арпалап,
Ақтанкерді баптаған.
Шора аттанып келеді,
Қазанда болған батырдан
Алпыс батыр ереді,
Жау қарасын көреді.
Жау қарасын көрген соң,
Бұ жау бізге болмас деп,
Алпыс батыр тоқтаған.
Құлыншақ батыр ашудан
Батырларды боқтаған.
Шора аттанып шапқанда,
Шораның жолын ашқанда,
Батыр Шора әруағы /ардағы/,
Дария суы толып қаптаған.
Атқан мылтық өтпейді,
Шапқан қылыш кеспейді,
Шора түгіл Құлыншақтың етінен,
Неге тайсын сертінен,
Бұ қырылған кәпірдің
Қисабын алайын деп қараса,
Он екі арба толады,
Кескен секер құлақты.
Шора аттанып келеді,
Ақтанкер аты астында,
Ақтанкердің тұяғы
Жерге тимей ойнайды.
Шора арыстан шапқанда
Сор[ы] қазандай қайнайды.
Қайрат етер халі жоқ,
Кәпірдің көзі жайнайды.
Бәрін бір жерге қырыпты,
Құлыншақ батыр алдына
Қойда[й] топтап айдайды.
Бұ құлақты көрген соң,
Пад[и]шасы бұйырды,
Жез пұтына сиынды.
Екі жұма болғанда
Қазан[ды] алды кең төске,
Жүз мың әскер түйілді.
Шора аттанып келеді,
Күнді мұнар шалады,
Кәпірдің көзін тұтады.
Ер Шораның әруағы
Аздаһа болып жұтады.
Шора аттанып шапқанда,
Шораның жолын ашқанда,
Ер Шораның әруағынан
Бәйтеректер келіп құлайды.
Бұрынғы Хазірет Ғали келді деп,
Кәпірлер шулап жылайды.
Үш уақыт шапқан құлаққа
Алпыс арба толады.
Қазандағы халқының
Мұраты сонда болады.
Шора сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ат жақсысын көргенмін,
Әндіжан менен Қазанда.
Тон жақсысын көргенмін
Хиуа, Ташкент, Бұхарда.
Бұрынғы адам тентек-ау,
Қалай етіп салдырған
Шынты Мәскеу төріне,
Еділдің бір қосылып,
Екі айрылған жеріне
Қазыналы Қазанды.
Күндердің күні болғанда,
Тарттырмай қоймас жазаңды,
Алмай қоймас мазаңды,
Бермей қоймас жазаңды,
Шаң етпей қоймас далаңды,
Қан етпей қоймас қалаңды.
Бізден дәурен өткенсін,
Ақша сұрап күнінде
Бір шулатар кәпір-ді,
Қатын менен балаңды.

Тағы оқыңыз