Қисса-и Нәріктің ұғлы Шора батыр (2-бөлім)
Шора · Мұхамбетнәжіп Әлиакбарұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Хан: «Енді бұ Нәрік байғұс өз жұртына қайтсам деп рұқсат сұрайды, мұңа қарсы бір жауап айтарға кім болдырар екен»,— дейді. Сонда Меңдісұлу деген бір қыз сөйлейді.
Шығыр:
Сонда Меңді сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Батыр-ау, төре, асыл-ау,
Таудағы өскен тас түлек,
Еңесе дейді жем сайды,
Жемсауы бұның толғанда
Жем берсеңіз көрмес пе,
Өз жерінде жүргенде,
Қазы-қарта, жал жеген,
Шекер менен бал жеген,
Жаман атқа мінбеген,
Жаман киім кимеген,
Жамандармен жолдас болмаған,
Анайы артық туған со еді.
Жеті түрлі тәттіні
Же деп берсең, тұрмас па?
Шаруа малдың жақсысы
Жез бұйдалы нар тайлақ,
Жетелетсең, тұрмас па?
Аты да жүр ме келіспей,
Қара арғымақ қатырып,
Мін деп берсең, тұрмас па?
Киімі жүр ме келіспей,
Жағасы алтын ала тон,
Жарасатұғын киімді
Ки деп берсең, тұрмас па?
Қызыққа жігіт айланар,
Қара лашын қайтарып,
Шүй деп берсең, тұрмас па?
Шашын діліндәнменен тараған,
Басына друфасын ораған.
Бектер мінген бедеудей,
Бауырынан жараған.
Бет ажарын қарасаң,
Жазғы да түскен сағымдай.
Ет ажарын байқасам,
Тірісінен айырған,
Шырын да бидай ақ ұндай.
Қасы жа[й]дай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген,
Қастауыш қасты-ай аруды
Сүй деп берсең, тұрмас па?
Сонда хан айтады: «Ай, Нәрік батыр, сізге маслихат болса, бұ қызды сеңа никах етіп берейін», деп Меңсұлуды Нәрікке берді. Нәрік илан Меңдісұлу екісі қауыштылар. Бұлар бек жақсы тату болып тұрдылар. Күндерде бір күн ханның халқы, билері Нәрікті күндеп, Меңдіні ханға сен өзің ал деп маслихат қылдылар. Хан айтты: «Мен ол Меңдісұлуды қалай етіп аламын?»—деді. Анда билер айттылар: «Бұ үйшіл қартты қағаз жазып, Шағым Керей ханға өлтір деп жіберсек, өлтірер, андан соң аларсың»,—деді. Андан соң қағаз жазып берді. Нәрік ол қағазды алып оқып қараса, «бұ үйшіл қартты өлтір» дегенін біліп, бармай қайтып келіп, өзінің үйі ішінде жасырынып жатты. Хан енді Нәрік Шағым Керей ханға кетті ғой деп, Меңдісұлуға кісі жібереді. Меңдісұлуға қонақ болып барамыз, бізді қонақ етсін айтты.
Меңдісұлу ханды билерімен қонақ етіп, билер, халқы бәрі қайтып кетті. Хан Меңдісұлуға айтты:
—Төсек салыңыз, бүгін біз қонақ болайық,—дейді. Меңдісұлу ханға айтты:
—Ай, тақсыр, бір әңгіме айтайын,—дейді, ай, тақсыр, біздің атамыздың байлығы өзіңізге мағлұм. Атамыздың тоғыз тоғай толған малы бар еді. Уа бұл малынан жылқысы бек зияда бесер еді. Жылқысынан күнде ту бие жоғалтып тұрған еді. Атамыздың жылқышысы айтты: «Ай, тақсыр, күнде бір ту бие, бір туа бие күнде жылқыдан жоқ болып шыға-дүр, не ғажап? Өзіңіз атқа мініп жүрсеңіз»,—дейді. Сонан соң атам атқа мініп, бір тауға келді еді. Таудың астында бір арыстан жатыр екен. Арыстанға айтыпты: «Ай, арыстан, сіз бізден рұқсатсыз бұ жылқыдан бір ту бие күнде алып жейсің екен»,—дейді. Сонда арыстанға Алла тағала тіл беріпті.