Қисса-и Нәріктің ұғлы Шора батыр (4-бөлім)
Шора · Мұхамбетнәжіп Әлиакбарұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Шора батырдың сөзін тыңдамадылар. Сонда тағы бір аз ғана сөйледі:
—Арқада борай қар жауса,
Борасын меңа борамас.
Арқадағы ақ киік
Адамнан пана сұрамас.
Тауда сұңқар түлесе,
Жанына қарға жоламас.
Таудағы сұңқар мен едім,
Ақташы ханның алты би,
Ала қарға сен едің,
Атымды қалай ұстадың,
Бұ ақылың ұнамас.
Атымды енді қоя бер,
Қылыш бір тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа.
Сен билердің құныңды
Менен де кісі сұрамас.
Шамырқанып, шамранып,
Шар темірдей шарланып,
Бұйырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Артыңнан қуып келген соң,
Ақтанкерді алмасам,
Жылқышыға жер болып,
Қойшыларға жер болып,
Қорқақ Шора атанып,
Халқыма қайтіп мен сияйын.
Біреуіңнен қан алып,
Ашуымды қайтіп тияйын.
Артыңнан қуып келген соң,
Ақтанкер атым бермесең,
Артық туған енеңді
Жалғыз аттай көрмесең,
Лашын алған қудайын,
Көк желкеннен қияйын.
Алтауыңды өлтіріп,
Қоғалы көлдің басына,
Сүйегіңді бәріңнің,
Арық қойдай жияйын.
Ақташы хан[ның] алты би,
Бір ат үшін өліпті.
Алты бидің жазасын
Батыр Шора беріпті.
Алты биді өлтіріп,
Дегеніне келтіріп,
Қайта Шора желіпті.
Нәріктен хабар жеткен соң,
Шалкезұлы Құлыншақ
Іс өткен соң келіпті.
Алты бидің сүйегін
Әр кімселер көріпті.
Алты биді өлтіріп,
Салды Шора бүлікті.
Ер Шораның қылғанын
Жұрттың бәрі біліпті.
Билер кімге жағымды,
«Өлсе, бәлем, жатсын»,—деп,
Есіткен кісі бәрісі
Ол билерге күліпті.
Әлқисса, Ақташының алты билерін өлтіргенсін, Қазанға барамын деп бір аз ғана сөйлегені:
—Қазыналы Қазанды
Кәпір алды дегенсін,
Анығын оның білгенсін,
Еңіреп жүрген ер Шора
Қарабекке қарамай
Қазанға қарай жүрді енді.
Әлқисса, Шора Қазанға барамын дегенсін, атасы Нәрікпенен біраз мұңдасып айтқаны:
—Тас жүректі балам-ау,
Есіне мені ала ма-ау.
Мені есіне алмайды,
Көзімнің жасын төксем [де],
Өзім де жеттім сексенге,
Қуатым жоқ бөксемде.
Жалғыз бір көзге шөп тиіп,
Сөнді ғой көздің шырағы.
Арыстаным менің кетті ғой,
Шорадай ұғыл туар ма,
Жер жыртып, егін ексем де.
Жалғыз көзге шөп тиіп,
Сөнді ғой көздің шырағы.
Арыстаным кетті ғой,
Бұл дүниенің болды ғой,
Бір тарылған аймағы.
Қазыналы Қазанды
Сол кәпірден айырсаң,
Тигей еді сауабы.
Тіл алмасаң енді жүре бер,
Қалсам да жалғыз қайтейін,
Жалғыздыққа үйренген,
Атаңмын Нәрік, шырағым.
Әлқисса, Шора Қазанға барамын деп анасынан рұқсат сұрағанда біраз ғана жылап, анасы Меңдісұлу сөйлегені:
—Баданалы көбе жарылса,
Бақыраш жамап болар ма?
Түбі батпақ лай су
Малды жапсам қанар ма?
Шора, менің арыстаным,
Тұғырдағы сұңқарым,
Торлық құсын қор еткен
Аспандағы ақ бұлт,
Араламай бір қонар ма!?
Қазыналы Қазанды
Кәуір алды дегенсін,
Анығын оның білгенсін,
Арыстаным, сұңқарым,
Еңіреп жүрген шырағым,
Қолда қуат барында,
Оған бармай тынар ма-ау?
Жетпіске келген қарт анаң,
Сексенге келген қарт бабаң,
Қайта жасап, ұғыл тумаса,
Артыңда ұғыл туса да,
Еңіреп жүрген шырағым,
Сенің орның толар ма?
Тоғыз ай, он күн көтерген,
Дайғы қылдың күшімді,
Жандырдың оттай ішімді.
Жолдастыққа ерте көр,
Керекті сүйген кісіңді.
Тіл алмасаң бара бер,
Мен қайтейін, шырағым,
Қиямет күні болғанда,
Көргізген тағы түсімді.
Ерінсең ермек етерсің,
Көзге күйік қылғанша,
Көзі жайнап тұрғанша,
Алып кет тағы, шырағым,
Мына ақ сұңқар құсыңды.