Қисса-и Нәріктің ұғлы Шора батыр (3-бөлім)
Шора · Мұхамбетнәжіп Әлиакбарұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Ай, бай, сіз бай болған соң сізден бізге ризық-нәсіп болғандүр,—дейді.
Сонда бай атам айтыпты арыстанға: «Сеңе күнде бір ту бие ас болсын. Жылқышы күнде бір ту бие келтіріп берер»,—депті.
Жылқышы күнде бір ту биені алып барып, таудың басына байлап қояды екен. Бір күн байланған биені арыстан жемей қойыпты. Атам бұңар келіп айтыпты: «Ай, арыстан, бұ сеңа халал-дүр, не себептен асамадыңыз?»—дегенде арыстан айтты: «Бір кісіден қалған сарқытты неге мен жейін»,—депті. Атам айтыпты: «Бұ ту бие өз жылқымның баласы»,—дегенде арыстан айтты: «Бұ ту бие құлын уақытында бір бөрі келіп арт санынан тістеді. Бізге кісі қолы тиген керек емес»,—депті.
—Тақсыр, енді біз де сол қасқыр тартқан құлындай болып тұрмыз, өзіңіз білесіз,—депті.
Меңдісұлу жылап болған соң, Нәрік батыр қылыш бірлән ханның басын кесіп, Меңдісұлуды алып, Шағым Керей ханға қарашы болып тұрғанда, үй ішінде қараңғыда нұр пайда болып, Шора білән Шырын егіз туып, Шора онға келгенде Ақтанкер дейтұғын аты болып, ол атты әуелгі Ақташы ханның алты билері келіп, Шора үйде жоқ уақытта тартып алып кетіп, Шора сонда қайынында жатыр екен. Нәрік барып түнде отауының сыртында тұрып, баласына бірер бәйіт сөйлегені:
—Ай, батыр-ау, батыр-ау,
Келгенімді айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Ақташы ханның алты би
Ақтанкерді әкетті.
Сеңа да келмей қайтейін,
Ақташы ханның алты би
Ақтанкерді алды енді,
Басына ноқта салды енді,
Ноқталасып алды енді.
Ақташы ханның алты би
Ақтанкерді жетелеп,
Халқына қарай төтелеп,
Еліне таман барды енді.
Қайрат етер халы жоқ
Сексенге келген қарт бабаң,
Жылай да жылай қалды енді.
Сонда батыр таң атқан соң ақжелең мініп жөнелгенше, қасындағы Қарабек сұлу біраз ғана сөйлегені:
—Бұқара жұртын жидырған,
Әшкере тойлар қылдырған,
Хақ никахын қидырған,
Алған жарың мен едім.
Кетсең мені ала кет,
Өз атыңа сала кет.
Кетсең маған жоқсың ғой,
Құрбаныңа шала кет.
Ақылы болса айтар ол,
Кәрі анаңа бара кет.
Сонда Шора батыр анасына[н] рұқсат сұрап, сонда Шораның бір аз ғана сөйлегені:
—Баданалы көбе жарылса,
Бақыраш жамап болар ма?
Түбі балшық лай су,
Жылқы жапсам қанар ма?
Шора менің арыстаным,
Тұғырдағы сұңқарым.
Торлық құсын қор еткен,
Аспандағы ақ бұлт,
Араламай қонар ма?
Ақташы ханның алты би
Ақтанкерді әкетті,
Оған да бармай қояр ма?
Шора анасынан [рұқсат] сұрап, алты билер артынан жетіп барғанда, сонда Шора сөйлейді:
—Ассалаумағалейкум, Әліби,
Аман-есен Қалы би,
Ақтанкерді жетелеп,
Қалаңа қарай төтелеп,
Қайсы бір кетіп барасың?
Қоңыралы менен Сары би,
Ақтанкер аттың басына,
Қалай бір түсті ноқтаңыз,
Сөйлеселік тоқтаңыз?!
Қалдар менен Дәрі би,
Ақтанкерді әкел деп
Бұйырды ма ханыңыз?
Бұйрықпенен жиылып,
Шығып па едің бәріңіз?
Бұйрықпенен жиылып,
Шыққан болсаң бәріңіз,
Құр кетпеңіз, алыңыз.
Алпыс жылқы алыңыз,
Алып ханға барыңыз,
Тарқар ма билер қаһарыңыз?