Жиреншенің әйелі (Тоғызыншы әңгімесі) (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Тақсыр, бұл адам Жиреншеге лайық емес, тап хан өзіңізге лайық екен,—деп, ханның көңілін аударыпты дейді. Ханның өзі Жиреншені қанша жаратса да, әлгілер өстіп азғырып тұрғасын пенде ғой, ханның көңілі ауып, әрне бар, Жиреншеден со келіншекті алуға айналдырыпты дейді. «Алуға болғанменен, қапелімде тартып алуға болмайды, айламен алуға Жиреншенің өзі сөзге шешен адам, қалайша алсам екен?»—деп хан бір күн өзінің кеңесетін адамдарын жинап:
—Қане, Жиреншеден бұ келіншекті қалайша аламыз, бұған не айла бар?—деп кеңес жасапты дейді. Сонан бұл адамдар мынау-мынау айланы, анау-анау айланы айта тұрса да, сірә, Жиренше дағдарғандай бір айла табылмапты дейді. Сонан сол адамдардың ішінде тұрып біреуі айтыпты дейді:
—Хан тақсыр, сіз мынау тәдбірде жасаңыз,—депті,—сіз Жиреншені шақырып айтыңыз: «Міне мен саған жүз еркек қой беремін, сол жүз еркек қойды жазғытұры қой қоздаған уақытта соны қозылатып бересің. Егер қозылатып бере алмасаң, басыңды аламын!» деп тәдбір жасаңыз,—депті,— со тәдбірге оның амалы құрыр,—депті дейді.
Сонан хан Жиреншені шақырып алып айтыпты:
—Жиренше, міне мен саған жүз еркек қой беремін, соны жазғытұры қой қоздаған уақытта қоздатып бер, егер қоздатып бере алмасаң, басыңды аламын, саған тәдбір сол,—депті дейді. Сонан Жиреншекең, сірә, бұ сөзге ешбір нәрсе тауып айта алмай дағдарып, көңілі бұзылып, үйіне барды дейді. Үйіне барса, алдынан жарқырап келіншегі шығып, Жиреншенің көңілі бұзылып келе жатқанын біліп:
—Жарқыным, бүгін неғып көңіліңіз бұзылып келатыр, не жайыңыз бар?—деп сұрапты дейді. Сонан Жиренше айтыпты дейді:
—Көңілім неғып бұзылмасын, бүгін хан бір ауыз сөз айтып, соған ешбір жауап айта алмай жанымнан үміт үзіп келе жатырмын,—депті дейді. Сонан әйелі айтыпты дейді:
—Ау, неғылған ауыр сөз,—депті. Жиренше айтыпты:
—Хан айтады: «мен саған жүз еркек қой беремін, соны жазғытұры қой қоздаған кезеңде қозылатып бер,—дейді.— Егер қозылатып бере алмасаң, басыңды аламын» дейді. Мұнан артық ауыр сөз болар ма, еркек қой қозылай ма екен?— депті дейді. Сонан әйелі тұрып айтыпты:
—Қайғырма, құдайың берген екен, бар жылдам жүз еркек қойдан айдап келе ғой,—депті. Жиреншекең барып жүз еркек қойды айдап келіпті, келсе, әйелі айтыпты:
—Бұ қойдың жиырма шақтысын сой, ет керек қой жеуге,—депті,—және қалғанын базарға алып барып сат, киім-кешек, шай-шекер ал да, жалғыз бір еркек қойды есіктің түбіне байла, қыстай соны бағып шығармыз,—депті. Жиреншекең байғұстың әбден дағдарғаны ғой, әйелінің айтқанын бәрін істеп, жалғыз қойды әкеліп есік түбіне байлап қойды дейді. Ханға ақыл берген билер бар, мұны көріп, «көрім жақсы қылды, қойдың бәрінен айрылды, енді нағылады, ол мұрат-мақсұдымыз болад енді» деп қуанды дейді. Сонан, бәракалла, қыс өтіп, жаз шықты, қойдың қозылайтын уағы болды. Енді кесулі күн тамам болғасын хан манағы ақыл үйреткен билеріменен Жиреншеге бармақ болып шықты дейді. Сонан хан Жиреншеге жақындар мезгілде Жиреншенің әйелі айтыпты дейді:
—Тұр, жылдам ана қойды бауыздай қой!—депті. Сонан жалма-жан Жиреншекең қойды бауыздапты. Сонан хан үйдің сыртынан келіп айқайлапты:
—Ә, Жиренше үйде ме?—депті. Сонда жалма-жан Жиреншенің әйелі екі қолын сыбанып жіберіп, қойдың бауыздама қанына екі тірсегіне дейін бояп, қан болып, ханның алдынан шықты дейді. Сонан хан сұрады дейді:
—Шырағым, бұ тірсегіңе дейін қан не?—депті дейді. Жиреншенің әйелі айтады дейді:
—Тақсыр, қазір Жиренше жас босанып жатыр еді. Қолымның қаны сол еді,—депті. Хан тұрып:
—Ой ақымақ, ер кісі туатын ба еді?—дейді. Сонан Жиреншенің әйелі айтыпты:
—Бас тақсыр, еркек қой қозылайтын ба еді?—депті. Сонан хан санына қолын бір соғыпты да:
—Қой, болмас, жүріңіз қайталық,—деп, хан байғұс бір әйелден жеңіліпті де қалыпты дейді. Сөйтіп, «қапияда қатын табады ақылды» деген сөз сонан қалыпты дейді. Жиренше өз ғұмырында бір бақырдан алданыпты да, екінші осы қойға жауап таба алмай сасып, сірә, Жиреншеден көрі әйелі алғыр болыпты дейді.