Жиренше мен әз Жәнібек
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
Әз Жәнібек хан айтады екен:
—Осы Жиренше бала түбінде би, шешен болады,—деп.
Қасындағы жолдастары ханның бұл сөзін ауырлап жүріпті. «Алты жасар бала болады деп қайдан біледі. Не болса соны мақтайды екен» деп.
Бір күні жап-жалаңаш ойнап жүрген бала Жиреншеге хан бөркін алып басын көрсетіпті. Жиренше аузын ашып, тілін көрсетіпті. Далаға шауып ойнап кетіпті. Хан қасындағы билерге:
—Мен Жиреншеге не дедім, Жиренше маған не деді? Осыны шешіп беріңдер,—дегенде, біреуі де шеше алмапты. Сонан соң хан Жиреншені шақырып алып:
—Жаңа мен не дедім, сен маған не дедің?—деп сұрағанда, Жиренше:
—«Сен басқа пәле қайдан?» деп басыңды көрсеттің, мен «басқа пәле тілден» деп тілімді көрсеттім,—депті. Сонда:
—Рас-ақ, осылай дегеніміз,—депті.—Бұл Жиреншені күндемеңіз,—депті.