Жиренше шешен (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 4 мин оқу
Жиренше көрген жерден, атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені—«біріміз еркек, біріміз ұрғашы, қалай сәлем берісеміз?» —дегені екен. Өзінің әйел екенін әбден танығанын «біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзінен біліп, ұялып тұра жөнелген себебі сол екен. Атасына қыз кісі салдырды дейді: «Менен білімі асқан кісі кез келді, мені осыған берсін» —деп. Атасы қош көріп, қабыл алып, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып, ту бие сойып, төменгі елді шақырып, үлкен, зор тамаша той қылып, қызын Жиренше шешенге никахлап қосты дейді. Жиреншенің жақсы, аяулы, данышман қатыны осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып, құрмашаны сындырып, көңілдерін тындырып, ұйқылары ашылған соң, мауқы әбден басылған соң, Жиренше шешен «мен қайтамын» дейді.
Қалыңдығы:
—Сіз қайда қайтасыз? Әкемнің менен басқа ұлы да жоқ, қызы да жоқ. Әкем өлген соң осы дәулетке кім ие болады? Енді не іздейсіз? «Есіктен табылса, төрге озба» деген бар емес пе еді?—дейді.
—Жоқ, қайтатұғымның мәнісі бар: әз Жәнібек деген ханымыз қырық уәзіріне «өтірік пен шынның арасын айырыңдар» деп қысым қылып еді уәзірлеріне. Соны солар таба алмай қанша күнге мәулет алысып еді. Мен соны білуші болар ма екен деп, іздеп шыққан жұмысым сол еді. Үйден шыққанда ойлап шыққан жұмысымды аяқтамай тұрып қалсам, «бұқа қарап жүріп жасауылға тұрғанның» құдды өзі болғаным ғой! Онан соң менің адамшылығым болмайды ғой!—дейді. Онда қалыңдығы айтты:
—Болмашы нәрсенің өзі керек қылып іздеушіге әлдеқандай қиындап кетеді екен-ау! Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді: «өтіріктің түбі бір-ақ тұтам» деп. Онының мәнісі: көзбен көрген шын емес пе, құлақпен естіген өтірік емес пе? Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Өтірік пен шынның айырмасы осы емес пе? Көзбен көрген анық, құлақ естіген танық демеді ме?—дейді. Бәрекелде, іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны барып әз Жәнібекке есіттірмесем, қырық уәзірін жоқ жерде өлтіріп тастайды ғой! Солардың ажалына ара тұрсам, тіршілігімнен зор пайда тапқаным ғой—деп жүруге ыңғайланғанын білген соң, қыз атасына кісі салдырды:
«Жат жұртқа жаралған әйелмін, күйеуім ел-жұртына қайтамын дейді, мені қалдырмасын, ұзатсын»,—деп.
Әкесі қызының айтқанын құп көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, қызын ұзатты дейді. Қырық уәзірін қосты:
—Қызымды берген күйеуімнің жері қандай, суы қандай, елі қандай екен. Алып барып салып, көріп келіңдер,—деп.
Бұл ханның жұртынан былай ұзап шыққан соң Жиренше шешен: «мен ілгері озып барып, ел-жұртымның аман, жаманын білейін» деп жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, әз Жәнібек хан дәл сол күні уәзірлерді жиып алып: «Таптыңдар ма?» — деп сұрап, қысып отыр екен. Олар таба алмай, енді бәрін өлтірейін деп тұрған үстіне келіп:
—Тақсыр! Бұларды өлтірмейтін болсаңыз, керек қылған сөзіңізді мен айтып берейін,—деп қалыңдығынан үйренген сөзді бастан-аяқ түсіндіріп айтып береді.
Хан өте риза болып, Жиренше деген атқа шешен деген сөзді қосып, «Жиренше шешен» деп атап, «маған бас уәзір болуға лайықтысың» деп өзінен соңғы бір деген бас уәзірі қылып сайлап, алтын жабулы арғымақ ат, қалы кілем, қара нар, қамқа тон, тоғыз қылып сый беріпті.
Мұнан кейін:
—Тақсыр, арызым бар едің,—деді Жиренше.
—Айт!—деді хан.
—Мен сондай жат жұртқа барып, Құдайдың бұйрығы болып бір ханның қызын алып қайтып едім. Ол хан қырық уәзірін қосып еді: «Күйеуді еліне апарып салып, қайтыңдар!» деп. Олар жолда көшіп келе жатыр еді. Мен сізді көрейін деп озып келіп едім. Не оймен қосқанын кім біледі. Достықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық, дұшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық, соларды орта жолдан қайырып жіберсек екен,—деді. Хан мұнысын ұнатып, қырық уәзірін қосты.
—Қазынадан қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын жөнелтіп келіңдер,—деп.
Жиренше қырық уәзірімен алдынан шығып, ханның берген ат, тонын тарту, таралғыларын оларға сый қылып, орта жолдан қайырып жіберген соң, олар риза болып қайтты.
«Бәрекелде, бала теңіне қосылған екен. Күйеу ханның өзінен соңғы бас уәзірі, бір деген жігіт екен. Түзден мынадай қылып жөнелтті, үйіне барсақ, бұдан да үлкен сый, құрмет көретін едік» десіп қайтты. Қайдан білсін, Жиреншенің екі кісі бас паналап отыратын үйі жоқ екенін. Екі қанат ит арқаның кигізі де түгел бүтін емес. Үйі де жоқ екенін. Міне, жігіттер, бір ауыз сөздің түбін, төркінін білемін деп іздегендіктен, қалыңсыз ханның қызын алды, өзі бас уәзір болды.
«Жігітке жаннан кеш те, іс қыл, өлсең, өлерсің, өлмесең, кісі боларсың» деп бұрынғылардың айтқаны бар.