Тоқтамыс хан мен Едіге батыр (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Едіге батыр суға шауып келсе, алпыс кісі екі бөлініп, су жағасында жағалық ойнап жүр екен, отызы «Едігелікпіз» деп, отызы «Қабартен дәулікпіз» деп. Едіге отыз кісіні өз қасына алып, Дәулікпіз деген отыз кісіден жиырма тоғызын өлтіріп, біреуін қоя беріпті: «Еліңе барып, көрген-білгеніңді айтарсың» деп.
Сонан Едіге жолдастарымен Темір ханның екі қызын алып елге келіп, «Тоқтамыс ханды шабам» деп жүрген хабарын естіп, Тоқтамыс қашады. Едіге артынан қуып, Қызғыш көліне барған жерде жетіп, Тоқтамыс ханды өлтіріп қайтады. Сонан келген соң Едіге Тоқтамыстың орнына хан болады. Тоқтамыстың бір батыр баласы болып, баяғы Тоқтамысты шапқанда о да бір жаққа қашып кетеді. Аты Қадірберді жас сұлтан дейді. Едіге батырдан Нұрадын деген бір батыр бала болады. Жігіт болған соң өлтіруге Нұрадынды іздейді. Бір жерлерден табады. Ақ отауын тігіп отырғанын Қадірберді жас сұлтан Нұрадынның хабарын естіп, есіктен төрге шейін іс қадап, төрге жебе төсеп қояды. Нұрадын сәлем беріп үйге кіргенде жас сұлтан айтады:
—Жүрер жерің—мынау, отырар жерің—анау,—дейді. Нұрадын темір істің үстін басып, қарш-қарш еткізіп, аяқтан шашыраған қан бет-аузын жуып, төрдегі жебенің үстіне отыра кетеді. Жебе Нұрадынды ұстайды, жібермейді. Сонда Қадірберді жас сұлтан Нұрадынға айтады:
—Әй, Нұрадын,
Аллаң еш бермесін мұрадың,
Толғай, толғай жүгірген,
Тоқпақ жалды торғай
Күзде төрімде
Мұны неттің, Нұрадын?
Жағасы алтын шөкіш
Мұны неттің, Нұрадын?
Толғамбалы алтын ала балтамды
Мұны неттің, Нұрадын?
Жұрт иесі атамды
Мұны неттің, Нұрадын?
Нұрадынның жауабы:
—Әй, Қадірберді, жас сұлтан,
Ақылың көп бас сұлтан,
Сұрасаң, мен айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Тоқпақ жолда торғай көзді түріңді
Тәңірі өзіме бергенде
Ер астынан алғанмын,
Өз астыма салғанмын.
Жағасы алтын мың шөкіш,
Тәңірі өзіме бергенде
Ер иығынан алғанмын,
Өз иығыма салғанмын.
Толғамалы алтын ала балтаңды
Тәңірі өзіме бергенде
Ер қолынан алғанмын,
Өз қолыма салғанмын.
Жұрт иесі атаңды
Арқыратып ақ құрбанға шалғанмын.
Ұлы да жолға салғанмын.
Бұлқыншақтан қисықпын,
Буыршыннан тентекпін.
Тезге салсаң, түзелмен,
Санымнан бұйда өткізсең, оңаймын,
Баба түкті Шашты Әзінің сойымын.
Сонан Нұрадынның ұсталған хабарын Едіге естіп, Қадірберді жас сұлтанға кісі жіберіпті. «Өткенді селге берелік, қалғанды елге берелік. «Өткен өрел, қалған салауат» дегендей, жас сұлтан келіп қонақ болсын!»—депті. Сонан Қадірберді жас сұлтан Нұрадынды босатып, Едігеге алып жүреді. Жолда бір терең судан салмен өтіп келе жатқанда Едіге Қадірберді жас сұлтанды салдан итеріп жіберіп, салдан құлатып суға ғарық болыпты. Сөйтіп, Тоқтамыс ханның тұқымын құртыпты дейді.