Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқтамыс хан мен Едіге батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Бір күні Құттықая түнде келіп үй сығаласа, әйелі бас терісін жұлып алып, битін қарап отыр екен. Түнде төсіне қолын салса, төсінен жүрегі жылтылдап тұрады екен. Намазға тұрғанда аяғына қараса, екі аяғының басы кейін қарап тұр екен. Әйелі біліп еріне айтады:

—Сен әуелдегі айтқан шартты сөзді бұздың. Мен саған енді жоқпын, мынау бала—асылзада бала. Мұны жақсы тәрбие ет,—деп, ғайып болыпты. Сөйтіп жүргенде Құттықаяны Тоқтамыс хан шақырып алып, жендеттеріне өлтіртеді. Ханның жолдастары айтады: «Мұны өлтіргенмен болмайд, мұның бір баласы бар. Оны да өлтіру керек»,—дейді. Ханның баланы өлтіретінін біліп, баланың бір көршісі бұл баланың асылзада екенін біледі екен. Едігені бесігімен үйіне апарып, үйіндегі жас баласын бесігімен Едігенің орнына апарып қояды. Хан ол баланы да өлтіреді.

Едіге есін білгесін-ақ, өзі теңдес балаларға бас бола бастайды. Балалар онымен жиналып ойнағанда Едігені хан қылады. Едіге сегіз-тоғызға келгенде Тоқтамыс хан сұрап алып жылқы бақтырады. Түнде жылқы бағып, күнде таңертең ертеменен Тоқтамыстың үйіне сәлем беріп кіргенде хан селк ете түседі. Оны әйелі біліп ханға айтады:

—Осы сіздің аруағыңыздан Едігенің аруағы күшті-ау! Неге десең, Едіге есіктен кіргенде сіз селк ете түсесіз,—дейді. Хан:

—Қайдан менен Едігенің аруағы күшті болсын,—дейді.

Бір күні әйелі Едігенің келер қарсылығында ханның жанбасының астына бір ине қадап қояды. Ханды сынау үшін Едіге есіктен кіргенде хан селк ете түскенде ине сырт етіп, сынып кетеді. Хан ханымына айтады:

—Енді Едіге келгенде сиіп, сідігіңді құйып қой,—дейді. Ғадатта Едігеге бір үлкен аяқпен қатық, айран ұйытып құйып береді екен.

Бір күні хан әйелі аяқтағы қатық, айранның үстіне сиіп қойып, Едігеге келгенде ұстата береді. Едіге ұрттап жұтып жіберіп, тамсанып-тамсанып:

—Айран тәтті екен, ыдысы ескірген екен,—деп аяқты алдына қойып, қылышымен төрт бөліп шауыпты да, үйден шығып аттанып кетіпті. «Ыдысы ескірген екен» дегені, ханның әйелі үлкен кісі екен дейді. Едігенің артынан Кеңестің ұлы Кенжембай деген бір адам шауып барып:

—Хан шақырады, қайта жүр, үйге түс!—десе де қайтпайды. Келген кісіні қуып жібереді.

Сонан Едіге тоғыз жолдаспен жорықта жүргенде келе жатса, бір жерде қазылып жатқан көп аттың ізін көріп, Едіге айтады:

—Қабартен дәу Темірханды шабады деген қабар бар еді. Бұл солардың ізі болар,—деп ізге түсіп жүреді де, жолдастарына айтады:

—Көлденеңнен қосылған көк атты болып араласып, әлім келсе, қазан асуға кірісіп қарайын. Қонған, түстенген жерде ет тастап кетермін. Соны жеп ере беріңдер,—дейді.

Сонан Едіге батыр көлденең қосылған көк атты болып, қазан асуға, ас пісіруге араласып, қонған түстенген жерге ет тастап кетеді. Соны жеп жүре береді. Бір күні түстенуде Дәу Едігеге айтады:

—Бүгін түстенетін жерге күшті қолды түсірудің билігі сенде,—дейді. Едіге күшті қолды көп суы бар алыстағы жерге қондырады. Дәу шатырын тігіп, Қанкей, Тінекей деген Темірханның екі қызын екі жағына алып жатып, ұйықтап қалады. Едіге жай тасын жайнатып, күнде іс етіп, күннің қызуына шыдай алмай, алпыс шақты жолдасы алыстағы суға шұбырады. Олар әбдан кетіп болған соң, шатырдың сыртындағы қаңтарулы тұрған шұбар атқа Едіге батыр: «ия, Алла!» деп мініп, есіктің алдына келіп, найзасымен шатырдың есігін көтеріп қайырып тастап қараса, Дәу ұйықтап жатыр екен. Едіге екі қызға «шық!» десе, «Дәуден қорқамыз» дейді. Едіге батыр садағын суырып алып, қақ жүректен атқанда Дәу жан ашуымен тұра жүгіргенде, шұбар аттың құйрығы қолына түседі. Едіге: «Әй, шұбар жылқы, құйрығың шолақ болсын!»—деп дұға етеді. Сонда шұбар аттың құйрығы үзіліп кетеді. Шұбар жылқының құйрығының шолақ болуы Едігенің дұғасынан дейді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз