Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әз Жәнібек, Жиренше, Көсе (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Уа, Көсе, неге буынып, түйініп жатырсың?—деді. Көсе:

—Бұл судың не себептен «Сыр» атанғанын білемісің?— деді. Хан:

—Білмеймін,—деді. Көсе:

—Ә, ханым, бала екесің ғой. Осы судың бойында алпыс пышағын таптап, біздерін сақтап отырып сырласқан, сырласып отырғанда су тасып, алпысы да суға кеткен, сол уақта алпыс пышақ пен біз саптары төмен қарап, жүздері, ұштары жоғары қарап су түбіне орнап-орнап қалғанмен, сол пышақ пен бізден қорқып, буынып, түйініп жатырмын,—деді. Хан судан шықты да:

—Мынаны қызыл ауызға апарып қондырыңдар,—деді.

Ханның кісілері Көсені қызыл иттердің ортасына апарып тастады. Таң атқанша қырық қызыл итті қойнына салып барған сапысымен қырып өлтіріп тастады. Сонда хан:

—Аман-есен келдің бе, Көсем,—деді. Ханның бір кісісі тұрып:

—Аман-есені құрысын, қызыл ауыздарды қырып келіпті,—деді. Хан:

—Уа, Көсе, қайтамысың?—деді. Көсе:

—Қайтпаймын, Жиреншеге жолығып қайтамын. Хан:

—Жоқ, Көсе, Жиреншеге қарама, мен оны жіберейін,— деді. Көсе:

—Қой, жібермейсің. Хан:

—Жіберейін, уа Көсем, қызыл ауыздарды қырып тастағаның қалай? Көсе:

—Біздің ауылдың қойларын күнде қасқыр қырып жатыр, соған пайдасы тимегесін қызыл ауыздардың керегі қанша, қырмай қайтейін? Хан:

—Біздің ауыл Сырдың бер жағында, сіздің ауыл ар жағында, қасқырға не айла қылсын, қалай қорғасын?—деді. Көсе:

—Ендеше біздің ауылдың айғырларының даусы сенің байталдарыңа қайдан естілді?—деді.

Хан үндей алмады. Көсе жүріп кетті. Артынан ханға Жиренше келеді. Көсенің келгенін, айтқан сөздерін хан Жиреншеге бастан-аяқ айтып өтті. Жиренше: «Мен оған барайын» деп еді, хан: «Ойбай, барма, кісіден тосылатын емес, қу көсе көрінеді»,—деді. Жиренше шыдамай Көсенің артынан кетіп қалды. Жиренше Көсені қуып жетіп, артынан келіп сәлем беріп еді, Көсе сәлемін алмады. Сонан соң көлденеңнен келіп сәлем беріп еді және қарамады. Қарсы алдынан шығып сәлем беріп еді, сәлемін алды. Сөйлесіп, амандыққа келгесін Жиренше айтты:

—Артыңнан сәлем бердім, алмадың, мәнісі не? Көсе:

—Артымнан келіп ит үруші еді. Жиренше:

—Көлденеңнен бергенде неге алмадың? Көсе:

—Көлденеңнен қатын сөйлеуші еді, сабаз ердің мінезі қарсы келіп сәлем беру, сондықтан алдымнан берген сәлемді алдым,—деді. Жиренше:

—Уа, Көсе, жер ортасы қайда? Көсе:

—Уа, мен түйеге мініп жер шарасын болжай алмай келемін, астыңдағы атыңды бере тұрсаң, жер ортасын біліп берейін,—деді.

Жиренше аттан түсіп, атын береді. Көсе атқа мініп алып, түйені жетелеп, олай бір, былай бір жортып, жортып келіп: «Жер ортасы төбе, ел ортасы көре» деген, болжап келіп қарасам, сенің тұрған жерің жер ортасы екен»,—деді де атты сауырға бір салып, Жиреншеге қарамастан тартып жүріп кетті. Көсе сол жолында еліне қайтып келе жатып бір ауылдың шетінде бие сауып тұрған бір қызға келіп:

—Сауар көбейсін, сөдегей бикеш!—деді. Сонда қыз:

—Тұрсам, түзелер, сенің аузың емес,—деді.

—Тіліңді Құдай кессін!—деп, атты сауырға бір салып Көсе тартып отырды.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз