Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқтамыс хан мен Едіге батыр (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Бұрынғы ноғай ұлдарынан Тоқтамыс деген хан болыпты. Оның «Түкті аяқ» дейтін сұңқар құсы болатын, жылында бір туып, үштен артық жұмыртқаламайды екен. Сол сұңқарды тәрбиелеп бағып тұратын Құттықая деген бір адам болатын. Сол сұңқар жұмыртқалаған уақытта Темір хан деген хан Құттықаяға кісі жібереді: «Сұңқардың бір жұмыртқасын ханына білдірмей маған жасырып беріп жіберсін»,—деп. Құттықая бір жұмыртқасын жасырып беріп жібереді. Тоқтамыс хан: «Сұңқар нешеу туды?—десе,—«Екеу туды»,— дейді. Темірхан беріп жіберген жұмыртқасын тауыққа бастырып шығарады. Әбдан темір қанат болып жетіскен соң күнде Темір хан аңға шығып, сұңқарын құсқа салып, құс алдырып жүреді. Бір күндерде Тоқтамыс хан аңда жүрсе, бір сұңқар бір үлкен құсты қуып келіп, Тоқтамыс ханға жақындағанда алады. Артынан Темір хан қуып келіп сұңқардікі деп алып кетеді. Ол сұңқарды Құттықаяның Темір ханға ұрлап бергенін Тоқтамыс хан біліп, Құттықаяға: «Саған жазаңды берермін!»—дейді.

Сонан Құттықаяны сұңқар бағудан шығарып, ыссыда түйе бақтырады. Қорегі күнге беретін бір үйрек болады. Соны қорек етіп, ыссыда шөлдеп, тау арасында түйесін бағып жүреді.

Бір күндерде Құттықая көлеңкелейін деп бір таудың үңгіріне кірсе, бір сұлу қыз ұйықтап жатыр екен. Құттықая көреді де айрылмайды: «Сені мен әйелдікке алам» деп. Қыз құтыла алмаған.

—Жақсы. Саған тиейін мына шарттармен,—дейді,— Әуелі, түнде үй сыртынан келіп білдірмей үй сығалама. Екінші, түнде жатқанда төсім үстіне қолың салма, үшінші намазда тұрғанда аяғыма қарама!—дейді.—Егер де осы үш затты істесең, мен саған жоқпын,—дейді.

Сөзін қабыл етіп, әйелдікке алып жүреді. Құттықая тыным көрмейді де, ыссыда түйесін бағып жүреді. Бір уақыт келіп үйінен тамақтанады. Қорегі—баяғы бір үйрек. Ұқсатып, жүнін жұлып, пісіріп сорпалап қояды.

Бір күні Құттықаяның үйіне бір мүсәпір адам келсе, басқа беретін ас болмағандықтан, әйелі баяғы Құттықаяға пісіріп қойған үйректі аяғымен мүсәпірге береді. Мүсәпір көбін жеп, сорпасын ішіп, сарқытын қайырып береді. Әйел алып барып, жауып қояды. Сонан Құттықая келген соң әйелі:

—Әй, әттеген-ай, басқа ас болмағандықтан, пісіріп қойған үйрегіңді бір мүсәпір келген соң беріп қойып едім,— деп, қалған сорпасын алып берейін деп аяқтың бетін ашып қараса, үйрек бүтінімен тұр екен. Құттықая ішіп, жеп алып, әйеліне:

—Қалай кетті?—деп сұрап, ізіне түсіп келсе, бір таудың үңгірінде қырық шамалы кісі намаз оқып жатыр екен. Бұ да келіп намазға тұра қалады. Әбдан намаз оқып болған соң, Құттықаяға:

—Не тілегің бар?—дейді. Сонда Құттықая:

—Маған хан ұлын таққа қоймастай бір бала бер!—дейді. Құттықаяға әлгі қырық адам бата береді де, бір алма береді.

—Осыны ортасынан жарып, жартысын өзің, жартысын әйелің жесін. Қас сорлы болмасаң, бір балалы боларсың, атын «Едіге» қой,—дейді. Сонан үйіне келіп, алманы екеуі бөліп жейді. Әйелінен бір бала туады, атын Едіге қояды.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз