Әз Жәнібек, Жиренше, Көсе (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Әз Жәнібек хан Сырдың оң жағында отырады екен. Бір күні Сырдың сол жағындағы елге жарлық қылады: «Байталдарым құлын тастап жатыр, айғырларының дауысы маза бермеді, айғырларын қырсын!» дейді. Ел хан жарлығынан қорқып, сасады, жиылыс қылып ақылдасады. Жиналған жұрттың ішінен бір көсе шығып: «Сендер саспаңдар! Ханның жауабын мен берейін. Маған бір түйе, бір кебеже, шашы қара, сақалы ақ бір шал, сақалы қара шашы ақ бір шал және бір серке беріңдер!»—деді. Жұрт осы айтқандарын тауып береді. Содан кейін көсе ханға жөнеледі. Ханның ауылының шетіне келіп: «Ханға жолыққан кісі қалай жолығады» деп сұрайды. Мініп келген көлігін кейін тастап, дауыс естіртім жерден: «Сәләумалайкум, алдияр!» деп қолын қусырып барады» дейді. Көсе ол айтқанды істемей, түйесіне мінген бойымен қасындағыларын алып ханның үйінің тұсына барып, үшке дейін: «сөйлес, ау!» деп дауыстады, ешкім үндемеді. «Мына шіркінге көк түндік келіп қалған екен» деп кейін барып түсіп, екі шалды екі жағына отырғызып, өзі ортасында шынтақтап қисайып жатады. Серкені түсіріп байлап, түйесін шөктіріп қояды. Хан көсенің бұл ісіне ашуланып: «Ана шалдың басын алыңдар!» деп кісі жұмсайды. Ханның жұмсаған кісісі Көсенің отырған түрін көріп, ханға қайта келеді: «Отырған түрі бір түрлі қызық, өзі қу көсе екен, екі жағында екі қарты бар, бір серке байлаулы тұр, түйесі шөгерілген, ортасында өзі шынтақтап жатыр, басын шабуды лайық көрмедім»,—деді. Мұны естігесін хан Көсенің жатқан жеріне келді. Хан жақындап келгенде Көсе шынтақтап жатқан күйінде:
—Салаумалейкум, алдияр хан!—деді. Хан:
—Уа, көсем, түйе мінгенің қалай? Көсе:
—Түйе мінсем, қырымдағыны көріп, қауіп-қатерден аман қалуға себеп бола ма деп ойлаймын. Хан:
—Түйеге кебеже неге теңдейсің? Көсе:
—Түйеге кебеже жараспай ма? Хан:
—Уа, көсем, серке алып жүргенің қалай? Көсе:
—Е, ханым, білмейсің бе? Хан:
—Білмеймін. Көсе:
—Бала екесің ғой... «Мал жақсысы—серке, адам жақсысы—ерке деген». Хан:
—Уа, көсем, шашы ақ, сақалы қара қартың не? Көсе:
—Шаш сақалдан жиырма бес жас үлкен емес пе? Сондықтан ағарған ғой. Хан:
—Шашы қара, сақалы ақ қартың не? Көсе:
—Мұның аты шабан, қатыны жаман, атқа мінсе, тебінген, үйде отырса, кейіген, сондықтан мұның сақалы ағарған.
Хан өзінің кісілеріне сыбырлап:
—Мұның қолтығында тесігі бар шығар, сөз гулеп шыға берді ғой, бұны суға түсіріп қолтығын қарайық,—деді. Хан:
—Уа, Көсе, суға түсесің бе? Көсе:
—Түсейік.
Өзге жұрт суға түскенде Көсе мен хан кейінірек қалды, сонда хан Көсеге:
—Түспейсің бе, Көсе,—деді. Көсе:
—Қолыңды берсең, түсейін. Хан:
—Берейін, түс!—деп хан өзі суға түсті. Көсе көйлектің жеңін, дамбалдың балағын буып, түйіп жатты. Сонда хан: