Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Едіге туралы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Балалармен ойнап жүрген Едіге келе жатқан екі кісіні сонадайдан көріп қалып, қасындағы жеткіншекке: «Өздерің сәлем бермеңдер, сәлем берсе, алыңдар, «сәлем бермедіңдер» деп сөксе, жауабын мен беремін»,—деп ескертеді.

Кісілер бұлардың жанына жақындап келіп, үнсіз тұрғандарын көріп:

—Балалар, үлкен кісілерге неге сәлем бермейсіңдер?— депті. Едіге жалма-жан:

—Әуелі өздерің неге сәлем бермейсіңдер?—дейді.

Әлгі жолаушылар:

—Біздің жасымыз үлкен бе, әлде сендер үлкенсіңдер ме?

—Біз үлкенбіз,—дейді Едіге іле сөзге іркілместен.

—Сендер қалайша үлкен боласыңдар?

—Мына тұрған тоқсан баланың жасын қоссақ, біз үлкен болмағанда, кім үлкен болады?—депті сонда Едіге.

Сөзден жығылған екі жолаушы Едігенің тапқырлығына таңданып: «Бағанағы дауымызды осы балаға айтып көрсек қайтеді» деп ойлайды.

—Ей, бала, біз даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді сонымызды саған айтсақ, бітіресің бе?—дейді.

—Егер Құдай аузыма салса, бітірейін,—дейді Едіге.

—Олай болса, мынау—Алшын атасы Көкжалды мерген, мен—Кеңестің ұлы Көкжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді, сондықтан одан қашқан қоян да менікі, Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім. Мен мылтығымды алып келгенше Көкжалды қоян атып алыпты. Осының төрелігін бер,—дейді.

Бала Көкжалға:

—Сен қанша жерден аттың?—деп сұрайды. Ол қанша жерден атқан мөлшерін көрсетеді.

—Егер бір төрелік айтсам, екеуіңіз де көнесіз бе?—дейді Едіге. Екеуі де «көнеміз» дейді. Сонда баланың берген төрелігі мынау екен:

Қоянды алып балаға құшақтатады да Кеңестің Көкжанбайына:

—Балаға тигізбестен қоянды мерген көрсеткен қашықтықтан ат: егер де балаға тигізсең, құнын бересің, оқ далаға кетсе, қояннан бейдамақ бол, тигізсең, қоян сенікі болады,— дейді. Бұл төрелікке көнбей біраз ашуланған Көкжанбай сабасына түсіп:

—Ұстат балаңа, атамын,—дейді. Аңшы балаға дарытпастан қоянның қалаған жерінен тигізеді.

«Ендеше, бұрын көрген сенікі» деп қоянды Көкжанбайға ұстатады. Көкжалды: «бұл төрелігіңе көнбеймін» деп дау шығарады. Екеуі Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында Көкжанбай болған оқиғаны баяндайды, баланың төрелігін айтады. Сонда Тоқтамыс хан: «Сол баланың төрелігі— төрелік, біз ондай төрелік бере алмаспыз да»,—депті.

* * *

Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң біреудің қойын бағып жүреді. Бір күні оған орталарында бір аяғы ақсақ жылқы жетегі бар төрт жолаушы ұшырасады. Төртеуі ағайынды екен.

—Біздің еншімізге тиген осы ақсақ жылқы ортамыздағы бір қара еді. Басы үлкен ағамызға, төрт аяғы төртеуімізге тиесілі. Осы ақсақ мал барып, кәпірдің егініне түсіпті. Кәпір төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділда сұрайды. Біздер соған даулы болып отырмыз. Егер сен би болсаң, төрелігін қалай айтар едің, қойшы бала?—дейді бұған. Сонда Едіге:

—Алла аузыма салса, айтамын,—дейді жұлып алғандай,—Мынау ақсақ аяғы қайсыңызға тиесілі?—деп сұрайды алдымен. Ең кішісі:

—Маған тиіп еді,—дейді.

—Ендеше сен төлеуден босайсың,—дейді Едіге,—Ділдәнің екі жүзін басын алған ағаң тартсын, өйткені малды егінге көзі көріп, басы сүйреп алып барады, екі жүзін екі ағаң тартсын, өйткені ауру аяқты сүйреп апарып бастырған сау аяқ. Үш ағасы бұл төрелікке көнбей, Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында кішісі: «Біз жол бойы бір балаға жүгініп едік, ол мынадай төрелік айтты,,—деп болған жайды жайып салады. Баланың берген төрелігіне разы болған хан: «Баланың төрелігі—әділ, мен ондай төрелік бере алмас едім,,—дейді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз