Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Едіге туралы (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

* * *

Тағы бір күні атан түйені жетелеген екі адам Едігені көріп:

—Әй, қойшы, осы түйеге даулымыз, төрелігін бересің бе?—деп сұрайды.

—Беремін,—дейді қойшы бала жасқанбай.

—Осы түйе менікі. Бота кезінде жоғалған. Атан болғанында танып тұрмын. Ұрлаған ұрым—мынау,—дейді біреуі.

—Өз інгенімнің ботасы, өз ботамның тұқымы. Бұл маған қылып отырған жаласы,—дейді екіншісі. Едіге екеуіне:

—Түйенің енесін тауып әкеліңдер!—дейді. Екі інген келтірілген соң, Едіге атанның тақымына қыл бұрау салып бұрайды. «Жоғалтып едім» деген жоқшының інгені боздап атанның үстіне түсе қалады. Сонда бала:

—Мұның ұрлатқаны шын екен. Түйесін қайтарыңыз— дейді. Екіншісі:

—Бұл төрелікке көнбеймін,—деп, Тоқтамыс ханға барады. Түйесін таныған бірінші ханға:

—Осындай бір төрелік айтылып еді,—дейді. Хан:

—Ол қандай төрелік еді?—дейді. Олар жолда бір қойшы балаға жолыққанын айтады. Хан:

—Ендеше сол төрелікке тоқтап, түйесін қайтарып беріңіз,—депті.

* * *

Едіге тағы бір күні орталарындағы бір балаға таласып келе жатқан екі қатын мен екі еркекке кездеседі. «Әй, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төрелік бересің бе?»—дейді жамырап. «Төрелігіме тек разы болсаңдар»,—дейді.

—Осынау баланы бесікте жоғалтып едім, жүгіріп жүргенде танып отырмын,—дейді бір ерлі-зайыпты.

—Он ай көтеріп омыртқамды сөгіп тапқан балама жала жабады,—деп зар қағады қалған екеуі. Едіге төртеуіне де:

—Берген төрелігіме көнесіздер ме?—деп сұрайды. Төртеуі де: «көнеміз» дейді. Сонда Едіге баланы екі қолынан екі қатынға ұстатады да «даулы баланы семсермен екеуіңізге қақ бөліп беремін» деп семсерді көтере бергенде, «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұстай алады.

—Өлтірмеңіз,—дейді жалынып,—менен туған бала болса, өскенде мені бір табар, әзірше мынау-ақ алсын. Едіге үндемеген қатынға:

—Сенің ұрлағаның шын екен, өлтірсе өлтірсін деп үндемедің, мынаның баласын өзіне бер,—дейді. Өзім таптым деген еркек пен қатын: «бұл төрелікке көнбейміз» деп Тоқтамыс ханға барады. Төрелік тимеген қатын мен еркек ханға:

—Даулы болып сізге жүгінуге келдік,—депті. Болған жайды әбден тыңдап болған хан:

—Қойшы баланың берген төрелігі—төрелік, ондай билікті мен бере алмас едім,—дейді.

* * *

Мұнан соң Тоқтамыс хан: «Төрт рет мұдай әділ төрелік айтқан қандай бала, кім де болса мұнда шақырыңдар!»—деп бұйырады. Жігіттер Едігені хан алдына алып келеді. Хан:

—Төрт рет төрелік айтқан сен бе?—деп сұрайды.

—Иә, мен едім, тақсыр!

—Атың кім?

—Едіге.

Баланың киімдерінің көнетоз екенін байқаған хан үстіндегілерінің бәрін шешкізіп, жаңа киім кигізеді.

Жаурындары жақталы,
Түйе баулы тартпалы.
Ал қаракес тон берді
«Мұны үстіңе ки!» деді.
«Көкала жорға ат мін!» деді.
«Кенте белбеу бу!» деді,
Тұтам бауы сом алтын,
Ақсұңқар құс беремін,
«Ұшан теңіз шүй!» деді.
«Қырымнан қиын дау келсе,
Төрелігін соның бер!» деді.
«Қырымнан қалың жау келсе,
Едіге соны қыр!» деді.

Едіге дауды бітістіріп, жаудың бетін қайырады. Тоқтамыс хан болса, ел тыныштығын бұзбастан, жұртының алдында беделі өсе береді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз