Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қорлыбай мен Ердес (4-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Немене ағатай?—деп, шақырған соң қыз ойында дәнеме жоқ жетіп келеді. Батыр қарындасына қарап:

—Мөр, сенің менімен туысқаның рас па?—депті. Қыз:

—Ағатай, не себепті айтасыз, әлде мен сізді өкпелеткен жерім бар ма?—депті.

—Жоқ, өкпені артынан айтамыз, туыссың ба, жоқ па? Менің тілімді аласың ба, жоқ па? Өз аузыңнан естиін деп едім, бұдан бұрын сенен туысқандық жайында сөйлесіп көргем жоқ, бүгін білгім келеді. Айтшы қане, құлағымнан естиін,—дегенде, Мөр көзінің жасын төгіп жіберіп:

—Сіздің тіліңізді алмағанда, енді кімнің тілін алады деп білесіз?—деді. Батыр:

—Олай болса, алдымыздағы дүйсенбіге дейін мал-жанның билігі сенде, тай соятын құрбың келсе, қой сойып бер, сені елеген құрбыларың үйден келіп амандассын, басқа қыздар құсап аузыңды ашып ауыл қыдырып айғайлап жүрме, мына үйді саған арнап көтерткем, осы—сенікі. Менің үйіме мен өлгенде бата оқып келерсің, ажалым кейін болса, төркіндеп келгенде кірерсің, одан беріде кірме! Мынау бала сенің кенже қайның, мына кілтті қолыңа ал, анау әбдіренің аузын Ердестен басқа адам ашушы болмасын, Ердес деген—сенің күйуің. Өзінің бірақ бір аяғы жоқ ақсақ, соған сен таяқ боласың,—дегенде қыз сылқ етіп крауатқа талып түседі. Әйелдер шулап жылап, бетіне су бүркіп, қыздың есін жиғызып, басын көтертеді.

Мөр басын көтерген соң дауысын шығарып жылай бастайды. Қорлыбай:

—Мен өлгенде жоқтап жыларсың, мен тіріде неге жылайсың? Менімен туысқаның рас болса, көзіңнен жас шықпасын!—деп ақырып қалғанда,

—Ағатай, жыламайын, жыламайын,—деп көзінің жасын сүртіп-сүртіп алып, белін белбеумен тартып байлап қалғанда, белбеу етін бунап кетеді. Қорлыбай:

—Қош, қадірлі туысым, жақсылықпен көрісейік!—деп есіктен шығып кетеді. Әйелдер:

—Беліңді қиып кетті ғой, босатайық,—деп белбеуін шешеміз дегенде, бір тартып байлаған белбеуге қолы батпай, сүт пісірімде зорға босатқан екен.

Қорлыбай сол елдегі таңдаулы сегіз батырды шақырып алып:

—Жау жарақтарың мен арнаулы аттарыңа мініп, жолда жауға алғызбай Мөрді апарып салыңдар, апарғанда Нұраның ығындағы құмды аттарыңның тұяғына басқызбауға серт етіңдер, оған серт бере алмасаңдар, өзім апарып саламын, маған ешбір жолдастың керегі жоқ,—дейді. Батырлар:

—Батыр-ау, егер Нұраның ығына өтсек, әйел боп басымызға жаулық салынайық,—дейді.

Батырлар ертіп келіп, Нұраның сыртына қонып, ертең жүктерін артып беріп, Қарауылтөбе деген жердегі Нұраның өткелінде судың ортасында тұрып:

—Мөр қарағым, қош айтысайық, қол әкел,—дейді. Ақтен:

—Ағатайлар-ау, мына қырдың аржағында ауыл бар, тым болмаса бүгін болып қайтыңыздар,—деп жалынады. Мөр де қолқа қылады. Батырлар:

—Жоқ, біз батырды алдап серт бермеген болатынбыз,— деп қош айтысып судан қайта шығады да, аржақта бұлар қыр асқанша қарап тұрып, қыр асқан соң қайтып кетеді. Мұның себебі—келген батырлар Ердестің жыртық үйі мен жайсыз күйін көрмесін деп ойлағаны екен.

Ақтен көштен озып келіп ауылға айтып, көштің алдынан әйелдер шығып кеткенде, ауылдың адамдары жиналып Ердеске:

—Бұрын неге айтпадың? Өзіңді күйеу салтымен ертіп барып неге ұзатып әкелмедік?—дегенде, Ердес:

—Қорлыбай айтқан сөзін өзі ескермесе, алшынға барып аяғымның ақсағына байғазы сұраймын ба?—деп айтқан жоқ едім,—депті. Сол Мөрден бір қыз, төрт ұл туады. Ұлдың аттары: Едіге, Ескене, Тойшақ, Құлыншақ.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз