Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалдан шерін мен Ханабад туралы аңыз (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Еркектің қасы әйел болар ма? Ей, опасыз қатын, сен сүйткен байыңа не жақсылық еттің? Ал енді бізге не жақсылық істермін дерсің?—деп қынабынан қылышын ала ұмтылған екен, Ханым жалғызым деп шалқасынан құлай кетіпті. Мұны көрген Қалдан шеріннің бас қолбасшысы Зал:

—Сабыр етіңізші, мұның сыры бар көрінеді, соны анықтаған соң өлтірерміз,—депті. Сонда барып Қалдан шерін ашуын басып, қылышын қынабына салыпты да:

—Билігін саған бердім, тексеріп анықтарсың да, жазаларсың,—депті. Апарып бір зынданға тастап, «Не айтар екен, бақылаңдаршы» деп қарауыл қойыпты. Есі-күшін жиып алған Ханым былай депті: «Құндыз як...»

«Бұл не сөз» деп Зал сұрастыра келсе, Ханабад ханның Құндыз атты жалғыз баласы болыпты. «Як» тәжік тілінде «жалғыз» деген сөз екен. Ханымның «Құндыз як» дегені— «жалғыз Құндызым!» дегені екен. Ол шешесінің опасыздығына шыдай алмай, бетіне түкіріпті де, өзінің тұлпар тайын жалдап өтіп, тоғай аралап, оңтүстікке қарай жүре беріпті. Бір күн жүріп, ертесіне сәскеде ойлы-қырлы бір жерге келіп, тұлпар тайынан түсіп, көкке шалдырыпты.

Сол шақта, қой жайып жүрген ақ сақалды бір кәрия келіп, бала мен тұлпар тайға қарай беріпті. Баланың жүзінен хан баласы екенін, бір нәрсеге өте ызалы екенін, астындағы тайының тұлпар тұқымынан екенін шамалап, сұрау сұрапты:

—Кім боласың, қайдан шықтың, қайда барасың, қайсы ханның баласысың? Айт шыныңды, мен ата тұтынайын, ашулы аласың болса, ақыл айтайын. Жортқан жолыңа жөн сілтейін, жолаушы болайын,—депті. Сонда бала:

—Орны толмас опасыздық, алданған сатқын ана, азап тартқан ата, кемдік етіп, кекті қуған бала. Өзім жалғызбын— «Құндыз як»,—деп, сазарып отыра кетті.

—Балам, ата кегін аларсың, халқыңа басшы боларсың, анаң ауыр азабын тартар, оңтүстікті қой, шөл далаға, тау-тасқа кез боласың, шығысқа тарт—деп, екі қолын жайып батасын берді.

Сонымен Құндыз як күншығысқа қарай бет алды. Кешке таман бір төбеге барып түнеп шықты. Ертесіне сәскелік жерге барғанда шүйгін шөпке кездесіп, тұлпар тайын оттатып алды. Содан шөбі шүйгін болғандықтан, «Шүйгін төбе» атаныпты. Кіші бесін кезінде бір көлге жетіп, екі мергенге жолығыпты. Олармен бірге екі күн жүріп, аң аулап, құс атады. Үшінші күні құсы таусылған соң, ілгері қарай жүреді. Бұл жердің құсы бірде бар, бірде жоқ болғандықтан, «Бардан көл» деп атап кетеді. Одан шығып бір қара көреді. Соған қарай бет алып жүріп барса, үлкен бір төбе екен. Алыстан қарасын көргендіктен, мұны «Қара төбе» деп атап кетеді. Тағы да ілгері қарай жүрді. Алдынан үш-төрт адам жолығады. Олардан жөн сұрап еді, жөнді жауап бермеді. Тек қана біреуі «қытай» дегендей ашулы үн қатты. Баланың ұғымынша «Қытай төбе» болды да, сол атпен аталды. Жолаушылардың бәрі де Қалдан шеріннің артынан іздеп келе жатқан елшілері екен. Нақ сол шақта, қалмақтарға қытайлар соғыс ашып, соны хабарлауға келе жатқан беті екен. Енді біраз жүрген соң, ақ сақалды, ақ шашты кәрияға қарсы келеді де, «Ақ ата» екен ғой деп сәлем беріп өте шығады. Тағы жүреді. Жұма намазын оқып шығып келе жатқан бір топ өңкей ақ шашты, ақ сақалды, ақ сәлделі шалдарға кез болып, атынан түсе қалып, сәлем беріп, қолын қусырып тұра береді. Баланың әдептілігіне риза болған сексен ақсақал қолын жайып бата береді. Міне, сол жер «Сексен ата» аталып қалыпты.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз