Қорлыбай мен Ердес (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Бапай деген кісі отыз бес жасында жаудан өледі. Ердес, Медет, Ақтен деген үш жас бала жетім қалады. Ердес он жеті жасында батыр болып жауға аттандаы. Бұл барғаны қазақ пен қалмақтың соғысы еді. Қалмақтар шеп құрып бекініп алып, бірнеше күн алғызбайды. Батырлар қамалға шауып андаздап тұрған жаудың арасына кіріп, ыдырайтпайынша алғызбайтын болған соң, Қорлыбай батыр қамалға шабуға оңтайланып, басқалар іркіліп қалып, шабамыз деп, іріктеліп шыққан адам сегіз адам екен. Қорлыбай: «Бұлар кім?» деп бөлініп шығып адамдарды тексерсе, біреуі өзі, алтауы өзінің жоғарыда айтылған тұқымдары, бір бала бөтен. Қорлыбай:
—Жаным, сен кімсің?—дегенде,
—Кім екенімді кейін жаудан сұрарсыз,—депті. Қорлыбай:
—Балам, көзің тым үлкен екен, көзі үлкен адам қорқақ болушы еді, қорыққандық сезілсе, жауда қалуға себеп болады, қайтсаң қайтеді,—дегенде, бала:
—Қорыққандықты қашқанда байқарсыз,—деп жауға жөнеп береді. Сол бетімен жауға қойып кетіп, жауды талқандап, қамалды бұзып, қашырады. Басқа топ қолда араласып қашқан жауды қуып кеткенде, бұлар іркіліп кейін қайтып сегізі бөлініп шыққанда, Қорлыбай:
—Балам, өмірде жауға шапқанда алдыма кісі түсіп көрген жоқ еді, сен алдыма үш рет түсіп кеткен екенсің, көзім қан толып жүріп турап тастай жаздадым, Құдай сақтады. Бұдан былай кездессең, алдыма түсе көрме, ерлік үлкендікке қарамайды, жаудың туы сенің қолыңнан жығылды, осы жолғы жүлде сенікі болды, абыройың құтты болсын! Қай елсің? Жөніңді айтшы,—дейді. Бала:
—Жөнім—арғын, оның ішінде қуандық. Үлкен әкем Қаратоқтың кенжесі—Құлұмбет. Әкем аты—Бапай, жетім қалған үш бала едік, ең үлкені—мен, он жеті жасқа биыл шықтым. Ең алғашқы атқа мініп шыққаным да осы еді. Атым— Ердес. Туды қалай жығып, жауда қандай қайрат қылғанымды да өзім білгем жоқ, менің тілегім «жүлде баланікі» деп маған ұсына көрмеңіз, менің алған жүлдем тек сіздің батаңыз болсын,—дегенде, Қорлыбай отырып:
—Жүлде сенікі еді, олай болса, Мөрде кенже қарындасым бар еді, ешкімге бермей сақтап отыр едім, жау жүлдесі менікі болса, Мөрде сенікі болсын, сен де ешкімге айтпа,—депті.
Жаудан соң жұрт жөн-жөніне тарап кетеді. Келесі жылы қалмақтар жасанып, абайсыз жатқан кезде біздің арғынды келіп шабады. Жау келіп қалғанда, Ердес те атқа мініп жаумен соғысады. Үстінде сауыт жоқ жалаңаш, қолына түскен қару—өзі мерген екен, тек қана білтелі мылтық. Жаумен соғысып жүргенде Ердестің тобығын қылыш кесіп, тізесінен бөлек түсіреді. Содан кейін жақсылап ұрыса алмай, салбыраған аяғын қанжығамен жоғары көтеріп байлап алып, топтың ішінде тек ерқара болып жүреді. Қалмақтар жеңіп, көп адамды өлтіріп, жылқыны қуып алып, қалған қазақтарды қашырады. Қашқандардың ішінде аяғын қанжығаға асып алған Ердес те қашып келе жатады. Астындағы аты онша болдырмаған болады. Бір қара ала атқа мінген, үлкендігі үйелмендей бір қалмақ ақырғанда дауысы жер жарады. Алдындағы қашқан қазақтарды найзамен түйреп лақтырып, қырып келеді. Ердеспен бірге қашып келе жатқан бір қаракесек жігіт бар екен. Оның аты нашарлап келе жатса керек, Ердес қара ала атты қалмақтың қасындағы жігіттің соңына салып, аты тың, өзі онан арасын аша береді. Қалмақ тақалып келген кезде: