Қалдан шерін мен Ханабад туралы аңыз (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда, Ташкент деген қалада, оңтүстігі Шыршықтың күн батыс жағында Ханабад деген хан болыпты. Бір жағы тоғай жер болыпты, бір жағы Шыршық жар болыпты, Шыршық пенен тоғайына мал толыпты. Бір жағы адыр-жантақты, сусыз шөл болыпты. Бір жағы— батпақ, ылайсаң көл болыпты. Күн шығысы—таулы өр болыпты. Терістігі жон болыпты, батысы Сыр мен сор болыпты. Хан қахарлы болыпты, уәзірлері захарлы болыпты, қатыны—ерке, сор болыпты.
Күндердің күнінде Қалмақ ханы Қалдан шерін /Серін болу керек/ көп қолмен баса көктеп келіп қапты. Алты күн аңдысып, алты апта айтысып, алты жыл атысып ала алмапты. Қанабад ханның қамалының беріктігін білген Қалдан шерін ақырында Ханабад ханының ерке тотай азғындаған әйелі Ханымға астыртын адам салып, сый-сипат беріп, айтқанын істеуге уәде жасапты.
«Ханабадты алсақ, хан сарайында сенің айтқаныңды орындаймыз»,—деп серт беріпті. Бұл сертке сенген Ханым ханның сырын әшкерелеп айтып береді:
«Шыршық өзенінің бас жағында Бозсу деген су бар. Сол Бозсумен Шыршықтың түйіскен жерінде құбыр /труба/ бар. Хан ордасына сол құбыр арқылы су келеді. Соның амалын тауып, суын бітеп, суын тоқтатсаңдар, хан ордасындағы хауызға су келмей, су қоймасы /хауыз/ сусыз қалып, хан әскері шөлдеп, шұбырып далаға шығады. Сол кезде тарпа бас салып, хан әскерін жеңген соң, сарайға кіре аласыңдар»,—депті ханым.
Қалдан шерін Шыршықтың оңтүстік жағындағы Қарабай—Қосқорғаннан түйемен, атпен, есекпен сабан тартқызып, құбырдың ауыз тесігінен суға қосып сабанды ағыза беріпті. Сонда қаппен де, бос күйінде де ағызыпты. Сумен араласқан сабан жібіп жентектеліп, біріне-бірі кептеліп, Бұжғынтөбе деген жерге жеткенде, жер астындағы құбыр жарылып, су Шыршық өзеніне қарай аунап ағып кетіпті. Сол күннен бастап хан ордасына су келмей қойыпты. Арадан бірнеше күн өткеннен кейін хауыздағы су саси бастапты. Ханбадтың әскері шөлдеп, далаға шұбырып шығыпты. Аңдып жатқан Қалдан шеріннің әскерлері ұмтыла шауып, тобын жазбай, ұзатпастан ұстап алып, қырып тастапты.
Содан соң хан сарайына кіріп, Ханабад ханды байлап алыпты. Ханабадтың жалғыз ұлы бар екен. Ол бір тұлпар тайға мініп қашыпты да кетіпті. Ханабадтың әйелі Ханым жаңа хан Қалдан шерінмен хан ордасында қалыпты. Су бұзған Бұжғынтөбе сол күннен бастап /Бұзғын төбе/, яғни бұзылған төбе атанып кетіпті.
Қалдан шерін Ханабад ханның ордасын бұзып, сарайына енген соң Ханым сұлуды шақырып алып, Ханымның түп мақсатын сұраған екен, сонда Ханым:
—Бұрынғы күйеуім Ханабад қырық боз биенің сүтіне шомылдырып, алпыс алабас ала сирақ саулық қойды сойып, жілік пашпайының сыбырлақ майына палау жасап беретін. Оны пісіретін аспазы қазанға күрішті санап салатын да, кәкпірмен қозғап, аударып, төңкеріп пісірген соң, күрішті тағы да санайтын. Сонда бір күріш жарылып кетіп, не көбеймейтін, не азайып, жоғалмайтын. Ет пен майдың салмағы да кемімейтін.
Ал енді сен алпыс атан түйенің сүтіне шомылдырып, отыз ор қоянның бүйрек майына палау жасатып бересің. Сонда бұрынғы ханның аспазындай аспаз табасың. Соның істегенін бұл аспаз да істейді,—депті. Мұны естіген Қалдан шерін: